Облыс аумағында құрылыс нысандары бойынша жыл басынан арыз-шағым негізінде жұмысы аяқталған 92 құрылыс нысанының сапасы тексерілген.
Нәтижесінде 64 әкімшілік хаттама толтырылып, 23 260 000 теңгеге айыппұл салынған. Бұл туралы Журналистер үйінде өткен брифингте аймақтағы құрылыс жұмыстарының сапасын тексеру туралы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Саят Қараласов айтты.
Саят Маратұлының сөзінше, жыл басынан облыс аумағында құрылыс-монтаж жұмысын жүргізуді бастау жөнінде 112 хабарлама қабылданған. Аймақта 189 бюджет есебінен және коммерциялық 285 нысан бойынша құрылыс жұмысы жүруде. Қалған нысанға анықталған кемшілікті белгіленген уақыт ішінде түзету жөнінде ұйғарым беріліп, жіберілген кемшілік түзетілген.
Облыс аумағындағы барлық құрылыс нысанында бекітілген техникалық және авторлық қадағалаушылар өздеріне жүктелген міндетті күнделікті атқаруда. Электронды түрде «Е-Құрылыс» порталы арқылы басқармаға әр ай сайын есеп береді.
Айта кетейік, жыл басынан облыста заңсыз және өз бетінше құрылыс бастаған нысандар анықталмаған. Былтыр 209 нысанға 84 438 750 теңге көлемінде айыппұл салынып, жіберілген кемшілікті түзету жұмысы жүргізілген. Соңында журналистер тарапынан сұрақ қойылып, жауап қайтарылды.
Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ





