Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылында дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, ауылға, білімге жанашыр демеуші азамат барын жиі естуші едік. Наурыздың соңына қарай аталған ауылда Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебі (РФМШ) мұғалімдерімен бірлесе «Педагогтердің пәндік құзыреттілігін арттыру» тақырыбында семинар курс өтетіндігін естіп, бірден онлайн тіркелдім.
ХVI ғасырдың өзінде-ақ Орта Азияның ойшылы Қадырғали Жалаири «Көргеннен, білгеннен аспау, барды қанағат қылу, жоқты іздемеу – ой мешеулігі» деп айтқан екен. Ал мұғалімдер үшін ізденбеу, дамымау, үйренбеу, үйретпеу болашағымызға жасалған қастандық деп білемін. Міне, осындай оймен ауданымыздан әртүрлі пәндер бойынша 12 мұғалім шалғайдағы ауылға аттандық. Бұл сапарымыз барлық қатысушылар үшін өте әсерлі, жемісті болды деген ойдамын.
Ауылға кіргеннен-ақ бір жылылықты сезгендей боласың. Көктемгі қарбаласқа қарамай ауылдың тазалығы, адамдардың ерекше ықыласы, мейірі бәрімізді тәнті етті.
Үш қабатты ескі мектеп ғимараты. Бірақ сол мектептің әр бұрышын баланың дамуына арнап жабдықтаған. Бірінші қабатта үстел теннисі, екінші қабаттың екі қанатында робототехникаға арналған кабинеттер, үшінші қабаттың бір қанатына шахмат үстелдері қойылса, ал екінші қанаты «Оқуға құштар мектеп» жобасына арнап жабдықталған.
Мектеп жанында оқушыларға арналған барлық қолайлы жағдайлармен жылы, таза, жайлы жатақханасы бар. Міне, осындай жанға жайлы, аядай ғана ауылда үш күн бойы Жәутіков атындағы республикалық физика-математикалық мектебінің ұстаздарынан дәріс алдық.
Математика пәнінен Анар Нағашбекова мен Дастан Жаруллаев олимпиада есептерінің шығарылу жолдары, тиімді әдіс-тәсілдер, геометрияның кейбір теоремаларының қолданылуы жайлы өте пайдалы ақпараттар беріп, іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Мектеп директоры Эльмира Рапилованың бастамасымен, облыстық білім басқармасының, «Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен өткізілген курстан алған әсеріміз ерекше. Әр күн сайын би кешін ұйымдастырып, алау жағып, танымдық кино көрсетіп бос уақытымыздың да тиімді, қызықты болып өтуіне бүкіл мектеп ұжымы, ауыл тұрғындары атсалысқан сыңайлы. Ауылды көркейтуге, білімге жанашыр болып, барлық игі істің басы-қасында жүрген кәсіпкер, демеуші Бауыржан Оспанов пен мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Нәзия-Жаңыл Құспанованы ерекше атап өтпеу мүмкін емес.
Курс соңында облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов республикалық физика-математикалық мектебі мұғалімдерін Алғыс хатпен марапаттап, демеушілер өз тарапынан бағалы сыйлық ұсынды. Курс тыңдармандарының барлығына сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Шоқан Уәлихановтың «Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» деген сөзін терең түсініп, азаттығымыздың тұғырын биік ететін білімді ұрпақ тәрбиелеу өз қолымызда деген оймен, Жыланды ауылының барлық тұрғындарына шексіз алғысымызды білдіріп, алған білімімізбен, әсерімізбен ауданымызда бөлісеміз деген нық сеніммен ауылымызға аттандық.
С. СЕЙТБЕКОВА,
Панфилов атындағы орта мектебі
математика пәнінің мұғалімі
Кербұлақ ауданы





