Жетісу облысының аумақтық қорғаныс бригадасы азаматтарды әр түрлі әскери атақпен келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдамақ. Бұл туралы Талдықорғанда өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында өткен баспасөз жиынында бригаданың 99285 әскери бөлімінің командирі Бағлан Чегебаев пен әскери бөлім командирінің көмекшісі Бақытжан Тұрсынов жариялады.
Бағлан Алтынбекұлының айтуынша, келісімшарт бойынша әскери қызметке үміткерлер қажетті жеке, моральдық және кәсіби қасиеттерге, тиісті білім деңгейіне сай болу шарт. Сондай-ақ, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды әрі курсанттарды, кадеттерді қоспағанда он сегіз жастан кіші болмау және олардың әскери қызметте болудың шекті жасына толуы тиіс. Бұл жолғы қабылданатын азаматтардың әскери атақтарға сәйкес, қызмет ету уақыттары да әртүрлі. Мәселен, аға офицер немесе жоғары сержант үшін 5 жылдан бастап, қатардағы және кіші сержанттар үшін 12 жыл 6 айға дейін келісімшарт жасалады. Жалпы аталған лауазымдарға сәйкес Талдықорған өңірінен 40 –қа жуық қызметкер қабылданбақ.
Келісімшарт бойынша қабылданатын әскери қызметшілердің 10 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Әйелдер оператор, байланысшы, дәрігер, қаржыгер сынды лауазымдарға және басқа да мамандықтар бойынша әскери жұмысқа тұрады.
Келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру үшін медициналық куәландырудан өту, дене шынықтыру дайындығы деңгейінің сәйкес келуін анықтау, кәсіби даярлық деңгейін және тағайындау үшін қаралып отырған әскери лауазым әскери-есептік мамандығының сәйкес келуін айқындау, психологиялық тұрғыдан жарамдылыққа тексеруден өту сынды құжаттарды қамтиды.
Айдын КӘЛІМХАН





