Өткен жылы облысқа «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 3,2 млрд. теңге бөлініп, толығымен игерілді. Ал Талдықорған қаласы бойынша жалпы сомасы 142,8 млн. теңгеге барлығы 19 жоба мақұлданып, 14 жоба бойынша 103,8 млн. теңгеге 106 бас ірі қара мал, 360 бас қой мен ешкі, 65 жылқы сатып алынса, шағын және орта бизнесті дамыту мен арнайы техника алу бойынша 39,0 млн. теңгеге 5 жоба жүзеге асқан. Міне, осылай Талдықорған қаласының 19 тұрғыны «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көруде.
Соның бірі Өтенай ауылында тұратын Берік Дүйсенбаев бағдарламаға былтыр қараша айында өтінім беріп, жобасына 8 млн.теңге қаражат алып, өз ісін бастады. Сол қаражатқа арнайы құрал-жабдық, жұмыс станогын және керекті материалдар мен жиһазға арналған италиялық бояу сатып алған. Цехтағы барлық заманауи қондырғылар Ресей және Қытай елінен алынған.
Бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер үстел, орындық, жұмсақ материал мен темір бұйымнан үйге керекті жиһаз жасап, қолжетімді бағамен тапсырыс қабылдауда.
– Мұндай бағдарламаның берері мол. Біздер сияқты кәсібін енді бастап жатқандар үшін үлкен қолдау екені сөзсіз. Келешекте цех жұмысын кеңейтіп, тағы да жұмыс орындарын ашу жоспарымда бар, – деді кәсіпкер Берік Дүйсенбаев.
Өтенай ауылының тағы бір тұрғыны Гүлзира Тәуірбек «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша төмен пайызбен берілген 7 млн. теңгеге 100 бас саулық қой және оларға қажетті жемшөп сатып алып, өзінің жеке қоражайында бағып отыр.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы тұрғындарға төмен пайызбен қолдау көрсетеді дегенді естіп, осы жобаға қатысуға ниеттендім. Құжаттарымды жинап, конкурсқа қатысып едім, жолым болып бизнес идеям қолдау тапты. Қазір сол қаржыға алған қойларды жұбайым екеуміз бағып келеміз. Жемшөп қорымыз толық. Бүгінде қойлардың алды төлдей бастады. Көктем шыға саулықтар толық төлдейді деген үміттеміз, – дейді Гүлзира Тәуірбек.
Ал Еркін ауылының тұрғыны, «Анысқан» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Анысқан Гүншебай «Ірі қара малын бордақылау» бағыты бойынша алған 7 млн. теңге несиеге 14 бас бұқа, 5 бас сиыр сатып алыпты.
Ірі қара малын Еркін ауылының Қаратал көшесіндегі үйінің ауласынан салынған қорада бағып отыр.
– Бала күннен атакәсібіміз мал шаруашылығымен айналыстық. Бірнеше жылдан бері ірі қара, ұсақ мал сатып алып, қайта сатып келемін. Бірақ қаржымыз жеткіліксіз, қорымыз аз болғандықтан кірісіміз де мардымсыз еді. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алғалы қорамыз малға толып, кірісіміз еселене бастады. Бұйыртса, алдағы бір айдың көлемінде бордақылап отырған 14 бұқаны базарға шығарамын. Сиырлардың алды туа бастады, – дейді кәсіпкер Гүншебай.
Қыз-қыз қайнап жатқан қала тіршілігіне қан жүгіртіп отырған осындай игі істерді көргенде көңілденіп қалатының рас. Бағдарлама аясында цех ашқан, мал өсірген азаматтардың тіршілігін көріп, жұмысының қарқынын білгенде «Ауыл аманаты» бағдарламасының үмітті ақтай алатынына сендік.
Қажет АНДАС





