Бүгін облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев Канаданың Қазақстан, Қырғыз, Тәжікстан және Түркіменстан республикаларындағы елшісі Алан Хэмсонмен кездесті, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ресми қонақты жылы қабылдаған облыс әкімінің орынбасары алдымен Жетісу облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндап, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері айлы айтып берді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы, өңдеу секторы, туризм, жаңартылған энергия көздері, жер қойнауын пайдалану сияқты басым бағыттар аталды.
«Канадалық инвесторлар облыс экономикасына инвестиция салуға қызығушылық танытып жатса, біз екі жақты тиімді келісімдер жүргізуге дайынбыз», — деді М. Көлбаев.
Сонымен қатар Канада елшісінің өңірге сапары «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясының аясында өтіп жатқанын ескеріп, аймақта отбасы құндылықтарын насихаттау, өмірлік қиын жағдайға тап болған әйел-аналар мен балаларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жайлы да қысқаша айтып берді.
Өз кезегінде Канада елшісі Алан Хэмсон 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін өтетін «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы жыл сайын халықаралық деңгейде ұйымдастырылатынын тілге тиек етті.
«Бүгін осы акцияның аясында Қазақстанның тиісті ведомстволарымен бірлесіп өткізген конкурстың қорытындысына байланысты Жетісу университетінің жеңімпаз студенттерін марапаттауға келдім. Студенттермен кездесуіміз қызық болды. Бұл менің Талдықорғанға жасаған тұңғыш сапарым. Жетісу жерінің табиғатының көркемдігі, адамдарының жылы ықыласы ұнады. Сіздің Жетісудың инвестициялық әлеуеті жайлы баяндаған пайдалы мәліметтеріңізді Канада кәсіпкерлеріне, соның ішінде Қазақстанда жұмыс жасап жатқан инвесторларға да жеткіземін», — деген Алан Хэмсон екі елдің арасындағы тиімді экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.
Фототілші: Жеңіс Ысқабай





