Алакөл ауданының өркениет көшіндегі салымы жоғары. Биыл да ауданның барлық саласында тұрақты даму, өрлеу, өркендеу бар. Бұл жайлы аудан әкімі Алмас Абдиновпен сұхбат барысында білдік.
Әңгіме арасында аудан басшысы жыл басынан бері ауданға 65,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, облыста көш бастап тұрғанын жеткізді.
– Бюджеттен тыс инвестициялық жобаның бірі «ЕвроТранзитДостық» серіктестігінің мультимодульді теміржол көліктік-логистикалық орталығы мен ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер департаменті тапсырысымен салынып жатқан ҚХР-дың «Nuc Tech» компаниясының шегара бақылау-өткізу пунктінің құрылысы. «Эко Ватт Ака» серіктестігінің қуаттылығы 50 МВт құрайтын жел электр стансысы жобасы, «Достық-Мойынты» теміржол желісін салу жобасы да ретімен жүзеге асырылуда. Аудан аумағынан өтетін 134 шақырым теміржол бөлігінің құрылысына да қомақты инвестиция тартылады деп күтілуде, – дейді ол.
Осындай ауқымды жұмыстар аудандағы салық түсімдерін арттырып, биылғы 9 айда бюджетке міндетті төлемдерді жинау жоспары 7 млрд. 264 млн. теңгеге жетіпті. Әрине, қаржының көбеюі барлық саланың дамуына ықпал етеді. Әсіресе, ауылшаруашылығы саласы мен агроөнеркәсіптік кешеніндегі жоспарларға қан жүгірген. Егістік алқабы 85112 гектарға жетіп, қыркүйек айына дейін өндірілген өнім көлемі 46 млрд. 66 млн. теңгені құраған. Майлы, дәнді дақылдардың гектар берекелілігі артып, мал басы көбейген. Қысқы мал қыстатуға қажетті жемшөп қоры толық жиналған. Күзгі сүдігір жырту жұмысы қызу жүруде.
Алакөлдіктер жаз айларында емін-еркін демала да алмайды. Тіпті, Алакөлдің бойында тұрып алажаздай көлге шомылуға уақыт таппайтын тұрғындар да кездеседі. Бұл ақшаға құмарлықтан емес. Тұрғындардың бір мезгілде сан-салалы кәсіппен айналысатындығында. Оған аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің көбейіп келе жатқаны дәлел. Биыл оның саны 4605 бірлікке жетіп, 10 мыңнан аса тұрғын жұмыспен қамтылған. Жалпы Алакөл ауданында 70 мыңға тарта тұрғын бар десек, әр 7 адамның бірінің тұрақты жұмысы бар. Зейнеткерлер, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, студенттер, балаларды қоса есептегенде бұл өте жақсы көрсеткіш.
– Алакөл ауданындағы коммуналдық шаруашылық саласында түйінін тарқатуға тиісті дүниелер бар. Аудандағы 56 елді мекеннің 48-і орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылды. Бүгінде Тоқжайлау, Бибақан, Үшбұлақ, Екпінді елді мекендерінде су жүйелері құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары тағы да бірнеше ауылдың ауызсу жүйесі құрылысын жүргізуге бюджеттік өтінім жолданды, – дейді аудан басшысы.
Біраз жыл бұрын облыс орталығынан Үшаралға, ауданның шалғайдағы елді мекендеріне жету қиын болатын. Әсіресе, Ақши, Көктұма, Достыққа жеңіл көлікпен баруға сапасыз жолдың кесірі көп тиетін. Бүгінде қай бағытқа барсаң да қиналмайсың. Республикалық, облыстық маңызы бар жолдарды айтпағанда ауыларалық жолдар талапқа сай реттелуде. Биыл аудандағы 13 елді мекеннің жолы және Үшарал қаласындағы ішкі жолдар жөнделіпті. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар Үшарал – Достық пен Талдықорған – Қалбатау – Өскемен бағытындағы жолдың аудан аумағы арқылы өтетін бөлігінің құрылысы бітіп, жол белгілері орнатылып, қолданысқа беріліпті. Жолдардың қысқы күтіміне де көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілгенін көрдік.
Экономиканың өркендеуі, шағын және орта бизнестің дамуы, жол құрылысының жақсаруы өңірдің турисік әлеуетіне қан жүгіртті. Биыл Алакөлге келген туристер 1,5 млн. адамнан асқан.
– Туристер көбейген сайын төтенше жағдайлар қызметі де күн тәртібіне қойыла бастады. Биыл Ақши ауылында өрт сөндіру пунктін салуға қомақты қаражат бөлініп, жоспарға сай жұмыс атқарылуда. Туристік нысандар көбейіп, электр қуатына қажеттілік артқандықтан алдағы уақытта «Ақши», «Көктұма» жаңа қосалқы стансыларын, жалпы ұзындығы 273 шақырым болатын «Ақши-Бескөл», «Көктұма-Ақтоғай» жоғары вольтты электр желісін салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 110 кВт-тық «Ақши-Бескөл» жоғары вольтты электр желісінің мемлекеттік сараптамасының қорытындысы алынды. Қаражат бөлінсе жұмыс басталады, – дейді аудан әкімі.
Бескөл ауылында өткен жылы басталған 80 орынды спорт кешені мен Ақши демалыс аймағындағы «Жалын» сауықтыру лагерінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілсе, Достық және Лепсі ауылдарында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Үшарал қаласындағы 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің және Ақжар ауылында 150 орынды Мәдениет үйінің құрылысы жоспарға сәйкес жүргізілуде. Білім, денсаулық, әлеуметтік салаларда да өркендеу байқалады. Қылмыс саны азайған. Демек, алакөлдіктер адал еңбекпен нәпақа тауып, өркениетке ден қойған. Иә, өңірдегі тұрғындардың осындай жетістіктері руханияқа деген қолдауды да жақсартуда.
– «Jetisy» газеті облыстың айнасы, руханият көшбасшысы. Жыл сайын алакөлдіктер сүйікті басылымына құрметпен қарап, барынша қолдау танытады. Биыл да сол үрдістен жаңылмайды деген ойдамын. Қашанда ғасыр жасаған басылымның алдағы көш керуенінің түзу, баянды болуына атсалысамыз, – деп түйіндеді сөзін Алмас Сапарғалиұлы.
Қажет Андас





