Ол – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, ұлттың да, адамгершілік пен ерліктің де, жақсы мінез бен тәрбиенің өкілі. Ұстаздарға қолдау көрсеткен қоғам мен жағдайын жасаған мемлекеттердің білім мен ғылым саласы өнімді еңбек етуде.
Астана қаласында өткен Республикалық педагогтер съезі осының айқын дәлелі. Мен қатысқан іс-шараның аясы кең болды. Мұғалімдер білім берудің өзекті мәселелерін зерделеп, өзара тәжірибелерімен бөлісті. Білім беру сапасын артырудың негізгі тетіктерін айқындады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген педагогтер қауымын Ұстаздар күнімен құттықтап, еліміздің болашағы –жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өсуі, мемлекетіміздің тұрақты дамуы, озық елге айналуы үшін ұстаздардың аянбай еңбек етіп келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Осы ретте Президент білім беру саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге, атап айтар болсам, «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заңның қабылдануы және ұстаздарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайлар жайында нақты тоқталып кетті:
— Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді, — деді.
Ұстаздарды қолдаудың аталған бағыттармен бөлісе отырып Президент еліміздегі орта білім беру ұйымдарында қызмет ететін ұстаздардың біліктілігін арттыру қажет екенін, педагогтердің бүгінде тек пәнді ғана үйретіп қоймайтынын, сондай-ақ балалардың әлеуметтік дағдылары мен эмоциялық интеллектісін дамытуға ықпал ететінін де айтты.Қазақ халқының «Ұстазы мықтының ұстамы мықты» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Оқушының сапалы білім алуымен қатар, салиқалы ұрпақ болып өсуі қазіргі заманмен үндескен ұлттық тәрбиеге де қатысты. Президенттің айтуынша, оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру керек. Мемлекеттің тірегі – адал, ұлтжанды азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек.
Мемлекет басшысы жақында еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымдылық ретінде облыстарда, қалаларда мектеп салу мәселесін қозғағанын жеткізді. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан қаржысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді. Мен қатысқан Педагогтер съезінде айтылған діни ахуалдың мектептегі жағдайы қазіргі қоғамдағы ең түйткілді мәселелердің бірі болатын. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі осы мәселені қамтып өтті. Президент Қазақстан Конституция бойынша зайырлы мемлекет екеніне назар аудара отырып, қоғамда қызу пікірталасқа ұласқан дін мәселесіне байланысты өз пікірін былай білдірді:
– Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын. Ең бастысы, көзқарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек, — деді.
Осылайша, еліміздегі діни тұрақтылық нығайып, қарапайым халықтың діни наным сеніміне шектеу қойылмай, әрбір дін өкілдері зайырлы елдің заңнамасына сай өз қызметтерін жасау қажеттігі тағы бір рет қоғам назарына ұсынылды. Президенттің бұл мәлімдемесін құптай отырып, болашақ ұрпақ санасының кемелденуі терең біліммен байланысты екендігіне назар аудардым. Педагогтер қауымы үшін бүгінгі басқосу үлкен серпіліс болатындығына сенімдімін.
Меруерт Бисенбаева
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты
«Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасының меңгерушісі,PhD доктор





