Ел біріншілігінің 18-тур аясында «Жетісу» Талдықорғандағы Орталық алаңда теріскейден келген «Қызылжарды» қабылдап, 1:1 нәтижесімен тең ойнады. Екі гол да бірінші таймда болды. Одан кейінгі ойын алам-кезек шабылумен өрбігенімен, голға айналып кетпеді,- деп хабарлайды 7su.kz желілік басылымы.
Әуелі қонақтар есеп ашқан. Бұрыштан көтерілген доп кедергісіз айып алаңында тұрған беларус Евгений Березкиннің аяғынан табылып, талдықорғандық ұжымның қақпасында тұрған Андрей Пасеченкоға еш мүмкіндік қалдырмаған. Ал бірінші тайм түгесілер тұста жетісулықтар айып добын орындауға мүмкіндік алды. Айып соққысын орындаған Никола Цуцкич жанындағы Асхат Балтабековке пас берген. Ал Балтабеков алыстан шірене теуіп, допты тоғыздыққа тоғытты.
Бұл Асхат Балтабековтің ел чемпионатындағы екінші голы. Осыған дейін 12-турда «Каспий» қақпасына гол салған. Ал чемпионатта 5 пас берді. Бұл жетісулық сол қатпалдағы қорғаушының карьерасындағы ең нәтижелі маусым. «Жетісу» турнирлік кестеде 18 ойында, 24 ұпай жинап 7-орында тұрса, «Қызылжар» 29 ұпаймен 4-орында қалды.





