Жыл сайын тамыз айының ортасында ҰБТ-ға қатысқан оқушылардың қуанышы еселенумен бірге уайымы да көбейе түседі. Жоғары оқу орнына қабылданып, студент атандық деген түлектерді: «Ауылдан алыс қалаға барғанда қайда тұрамыз?» деген сұрақ мазалай бастайды. Себебі, университеттердегі жатақхананың жетіспеушілігінен пәтер іздеп, сабылып жүрген жастардың мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Әлдекімнің босағасын сығалап, қас-қабағына қарап, күн кешеді. «Әке-шешемізге салмақ салмайық» деп пәтерақысын төлеу үшін қосымша жұмыс істеп, санасын титықтатқан жастар әбден әбігерге түседі.
Үкімет отырысында дәл осы мәселе жан-жақты талқыланды. Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биыл 11 мың орынды 37 нысан, оның ішінде ЖОО студенттеріне арналған 26, колледж студенттеріне арналған 11 жатақхана пайдалануға берілетінін айтты. Дегенмен, «Астана медицина университеті» КЕАҚ жатақханасын күрделі жөндеу, Алматы қаласында 400 орынды жатақхана салу және 450 орынды 2 жатақханаға күрделі жөндеу жүргізу сынды жобалардың аяқталмауы мүмкін. Министр жатақханалар құрылысының аяқталмауын нысандардың мақсатын өзгерту, заттай гранттар беру және коммуналдық желілерге қосылу мүмкіндігінің шектелуіндегі қиындықтардан қарастырды.
– Көптеген университет басшылары студенттерге тиісті жағдай жасауға тікелей міндетті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері университеттер мен колледждердің сырттан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарының орындалуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ, әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмыстары нашар, – деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, оқуға қабылданған студенттер жатақханада орын жоқ екенін орналасуға келген кезде бір-ақ біледі. Сосын оқуға дайындалудың орнына олар өз бетінше тұратын баспана іздеуге мәжбүр болады. Осыны еске салған Әлихан Смайылов 1 қыркүйекке дейін студенттерге жатақханадан орын бөлу жұмыстарын барынша күшейтуді, сондай-ақ, биылға жоспарланған 37 нысанның мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
– Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге тиісті министрлер мен өңір әкімдері тікелей жауапты, – деп атап өтті ол.
Бір қызығы, ірі қалалардағы жоғары оқу орындары студенттерге жатақхана жеткізе алмай жатса, Жетісу облысындағы аудан орталықтарында орналасқан коллеждердің жатақханалары бос тұр. Бұл мәселенің де шешімін табу керек.
Жиында Мемлекет басшысының ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру туралы тапсырмасын орындау мәселесі де қаралды. Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд. теңге қарастырылып, 17 мың шағын несие беру жоспарланғанын, бұл ауылдарда 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтты. Дегенмен, бағдарламаны жүзеге асыруға он облыс қана белсенді түрде кіріскен. Жетісу облысын осы қатарға жатқызуға болады.
Қ. ОМАРАҚЫН





