Алматы – Өскемен, Жаркент – Сарыөзек сынды республикалық маңызы бар жолдардың бойында жатқан Кербұлақ ауданы тоғыз жолдың торабы іспетті. Аудан орталығынан Түркістан – Сібір теміржолы өтеді. Сарыөзек кентінде «Титан» техникалық жөндеу орталығы жұмыс істейді.
2015 жылдан бері автокөліктің барлық түріне қызмет көрсететін орталық «Батталиев» жеке кәсіпкерлігіне қарайды.
Жеке кәсіпкердің көмекшісі Еламан Нұрғожаевтың айтуынша, мотор жөндеуші, электрик, қозғалтқыш бөлшектерінің шебері сынды 3 адамға жұмыс тауып беріп отырған орталыққа күніне 5-6 автокөлік кіріп, қажетті жерін жөндетіп шығады. Негізінен автокөліктің қозғалтқыш бөлігін жасатушылар көптеп келеді екен. Себебі, күрежолдың бойында негізгі салмақ дөңгелек пен қозғалтқыш бөлшектеріне түседі. Оның үстіне, Жаркент– Сарыөзек автожолының ескіруі де жүргізушілерді шығынға батыруда.
Мұндағы жалақы көбіне мамандар мен техникалық жөндеу орталығы басшылығы арасында өзара келісіммен төленеді. Яғни, бір көлікті жөндеуді 40 мың теңгеге келіскен шебер табысының жартысын орталықты жалға алғаны және электр қуаты мен жылу үшін төлейді. Табысты тең бөлуге келіскендердің беталысы жаман емес көрінеді. Әркім күнделікті тапқанын қалтасына салып отырады.
«Титан» орталығы автокөлікке қажетті қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай саудалаумен айналысады.
Мәди АЛЖАНБАЙ,
Жетісу облысы





