Жастарға белгілі бір кәсіп сырын меңгерту – болашақ өмірге жарқын жол ашумен тең. Өйткені, кәсіп үйрету арқылы ертеңгі күні ел-жұртына пайдасын келтіретін, отбасын асырайтын толыққанды тұлғаны тәрбиелей аламыз. Баланы өмірге әкелген соң болашағына берік негіз қалау парыз. Дана Абай: «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та бар қалан» демей ме? Сол сынды әрбір жастың еліміздің бір бұрышынан орын тауып қалануы үшін кәсіпке баулудың маңызы зор.
Осы ретте Талдықорған сервис және технология колледжінде жастардың бүгінгі уақыт талабына сай мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік жасалған. Оның ішінде тігін өндірісі және киімді үлгілеу мамандығында оқитын жастар осы кәсіпті меңгеріп қана қоймай, жан-жақты қабілетін ашып, шығармашыл тұлғаға айналады. Мәселен, бізге көбіне 9-сыныпты бітірген оқушылар қабылданады. Олардың көпшілігі мектепте еленбей, басылып қалған, соңғы партада ұстаздардың көзіне түсіп қалмайықшы деп бұғынып отырған оқушылар. Колледжге оқуға түскен соң олар жан-жақты ашылады. Бұйығы шәкірттердің белсенділігі артады. Өйткені, біз 1-курс студенттерінің талап-тілектерін, жеке бас ерекшеліктерін зерттейміз. Баланың қызығушылықтарын анықтаймыз. Сол арқылы шығармашылықпен жұмыс істеп, өз қабілетін жан-жақты дамытуына мүмкіндік жасаймыз. Оған колледжде ұйымдастырылатын түрлі іс-шаралар мен оқу-тәрбие бағытының да әсері мол.
Мен топ жетекшісі, жастарға дәріс беретін ұстаз ретінде рухани-адамгершілік, ұлттық тәрбиеге айрықша мән беремін. Жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеп, салауатты өмір салтын ұстануға баулимын. Мәселен, жуырда ғана 1-курс студенттері арасында Гимн айту бойынша байқау өтті. Онда әр топ хормен мемлекеттік Гимнімізді орындап жарысты. Біздің топ 1-орын иеленді.
Айтпағым, патриоттыққа тәрбиелеудің негізі осы Гимннен басталады. Қолын кеуде тұсына қойып, туған елі туралы тебірене ән шырқаған жастың Отанға деген ыстық сезімі пайда болмауы мүмкін бе? Әрине, туған еліне, жеріне деген махаббаты еселене түседі. Осы сынды іс-шаралар жыл бойы ұйымдастырылып тұрады.
Колледжіміздегі және бір үлкен жетістік – «WorldSkills Талдықорған-2021» чемпионатында 1-орынды иеленуіміз. Жастардың кәсіби тұрғыда дайындығын саралайтын бұл чемпионат колледжде беріліп жатқан білім деңгейінің де жоғарылығын көрсетеді. Ендігі кезекте жастарымыз республикалық деңгейде өтіп жатқан WorldSkills байқауында бақ сынауда.
Жастарға өнегелі тәрбие, терең білім беріп, кәсіп меңгерту арқылы болашағына берік негіз қалаймыз. Колледжімізде бұл іс жолға қойылған.
Бақытгүл КӨКЕНОВА,
Талдықорған сервис және
технология колледжінің арнайы пән оқытушысы





