Данахалқымыз: «Жылуы жоқ жүрек – құр кеуде», «Жайылымы болмаса мал азады, мейірімі болмаса жан азады» деп ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Иә, елімізде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған атымтай жомарттар жетерлік.
Оған дәлел – Өтенай ауылының тұрғыны, фермерлер одағының мүшесі, «Самай» жеке шаруашылығының басшысы Еркінбек Слямовтің игілікті ісі. Жомарт жан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаның «Туған жер» жобасы аясында Еңбек ауылында орналасқан «Орбұлақ» грек-рим күресінен өткен жарыс барысында «Орбұлақ» грек-рим күрес залына 1 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетіп, ақшалай сыйлығын табыстады.
Өз кезегінде сөз алған Еркінбек Батырханұлы:
– Ел ертеңі болашақ жастардың қолында. Сондықтан біз оларға әрқашан қолдау көрсетуіміз керек. Ертең осы залдан еліміздің намысын әлемдік ареналарда қорғайтын спортшылар шығарына сеніміміз мол, – деп ізгі тілегін білдірді.
Дана халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді. Атымтай азаматтың бұл ісі көпке үлгі. Жомарт жандар игілікті шаралар мұнымен тоқтап қалмайтындығын, әрі қарай да жалғасын табатындығын айтуда.
Өз тілшіміз




