Талдықорған: +22°C
$ 489.33
€ 566.30
₽ 6.74
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР РУХАНИЯТ

ҰЛЫ АҚЫН ҰЛАҒАТЫ

12.02.2021
РУХАНИЯТ
ҰЛЫ АҚЫН ҰЛАҒАТЫ
WhatsAppTelegramFacebook

Жамбылдың ақындық мұрасына тән бірнеше ерекшелік бар. Ол ерекшеліктер ақынның ойлау, ой толғау таланты мен дүниетанымына тән қасиеттерден бастау алады. Ақын не айтса да, не туралы сөйлесе де, не жайында толғанса да анығын айтады, қысқа да нұсқа айтады, орынды әрі оралымды айтады, шынайы да шырайлы толғанады. Арына, намысына қозғау салған, елдің, халықтың мұратына қайшы келетін, адамдықтан, адамгершіліктен алшақ тұрған өмір құбылыстарымен бетпе-бет келгенде ақын таланты суаруы келіскен алмас қылыштай жарқылдап, жүзінен жасын жыр шашыратқандай болады.

Ақынның өзі де, Мұхтар Әуезов аңғарғандай, қарсыласының қалт еткен мінін қылп еткізбей бас салып, ақырында оның өзін де, мінін де сара тіліп, сорын қайнатып шығарады. Осының бәрі Жамбылдың көзінің қырағы, көңілінің сергек екендігін, ойының терең, танымының кең екендігін танытады. Ақынның айту, жырлау, толғау шеберлігі де мінсіз, тәңірдің дарытқан қасиетіндей кінәратсыз, күннің нұры секілді тап-таза. Бұлардың қай-қайсысын да ақын өзінің шығармашылық өнері мен өмірінің мазмұны мен мәніндей көріп, көңілінен бір сәт таса етпеген, әрқашан көзінің алдында, жүрегінің басында ұстаған. Осы ретте еске мықтап ұстайтын мынадай жай бар: ақын анығын айтқанда да, тура, қысқа әрі нұсқа айтқанда да, шынайы әрі шырайлы толғағанда да бір-ақ нәрсені айтады, бір-ақ нәрсені толғайды. Ол – шындық. Шындық кісінің қолы жетпейтін аспандағы құс емес, ұстатпайтын судағы балық та емес. Шындық деген – кісінің өзі. Оны көру оңай болғанмен тану қиын. Тани қалған күннің өзінде де оны сол танылған қалпында ұғып, сол қалыпта айту – қиынның қиыны. Ал айтыла қалған жағдайда, оған тоқталмауға, оны мойындамауға болмайды. Шындықтың алдында елдің бәрі бірдей кішік. Сондықтан аспанның асты мен жердің үсті аралығында шындықтан асқан ұлы нәрсе жоқ.
Шындықты әркім тани алмайды, шындықты әркім айта алмайды, шындықты айтқанды әркім ұната қоймайды. Шындықты сүю, шындықты айтқанды сүю де жұмыр басты пенденің бәрінің қолынан келе беретін іс емес. Шындықты да, шындықты айтқанды да айнымай сүйетін құдірет иесі біреу болса, ол – Құдай, ал екеу болса, біреуі – Құдай, екіншісі – халық. Құдай мен халықтың құдіретінде де, қасиетінде де шек жоқ – екеуі де мәңгілік. Бұлардан басқа, үшінші құдірет иесі қалайда бар, жасауға тиіс болса, ол – Жамбыл. Адам баласы қатарында мұндай құдіретке, мұндай қасиетке жүз жыл бойына тынбай шындық деп соққан, шындық деп жырлаған ұлы жүрек иесі ғана лайықты. Өйткені жүз жыл жасап, жүз жыл жырлау Құдай мен халықтың сүйікті кісісінің ғана қолынан келмек. Ал жүз жыл жасап, жүз жыл жырлағанда, жай ғана жасап, жай ғана жырламай, жүз жыл бойына шын жасап, жүз жыл бойы шындықты жырлау – мәңгілікке ғана жарасатын құбылыс.
Жамбылдың ақындық мұратының, көркемдік-эстетикалық нысанасының мәнін танытатын ерекшеліктердің қатарында оның шыншылдық тұрғысы үлкен орын алады. Ақынның шыншылдығы да, шыншылдығынан туып жатқан сыншылдығы да халық таныған ақиқат құбылыстар мен оқиғаларға негізделеді. Ол қандай қиын-қыстау жағдайда да, ақындығы мен азаматтығы, тіпті өмірі сынға түскен қандай қатерлі шақта да осы ақиқатты айтқан, сынын да, мадақ сөзін де ақиқат шындыққа бағындырған. Ол қандай алмағайып заманда да тек шындықты айтып, қандай көзді тартып, көңілді арбайтын қыздырмалы, қызықпалы ортада да әділеттің ақ жолынан таймай, шынды сындай, сынды шындай қабылдап, өмір құбылыстарының қандайын да шынайы толғаған. Жамбылдың шығармашылық абыройы мен суырыпсалма ақындық атағының халық арасына мейлінше кең жайылуының басты себебі осында.
Ақын өзінің шығармашылық өмірінің бастапқы кезеңінде-ақ дүние қуып, мал жиғаннан, бай болып, билік құрғаннан, әкім болып елге тізе батырғаннан халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлағанды әлдеқайда адал іс, абыройлы қызмет деп білген. Ақын ақындық өнерді өлең шығару деп қана ұғынбай, шындықты, халық өмірінің шындығын, әділдікті, адамдықты қорғауды басты құралы деп бағалаған. Халық үшін қадірлі, қасиетті істі де ол шындық, әділдік, адамдық таразысымен өлшеді. Ақындық өнер туралы мұндай биік көзқарас Жамбылдың ақындық тұрғысына, шығармашылық концепциясына негіз болды. Ұлы ақынның мұндай ұлы эстетикалық нысана-тұрғысы талаптары деңгейінен қарағанда тұрмыстағы пендешілік істің қандайы да: байлық та, билік те баянсыз, опасыз болып көрінеді.
Ақын дүние қызығын, байлық рахатын мансұқ етпейді, елге қайыры жоқ, халыққа пайдасыз байлықты ғана баянсыз, опасыз деп біледі. Маңдай термен келсе де, алдап-арбауға негізделген удай пысықтықпен келсе де, байлықтың аты – байлық, бардың аты – бар. Байдың байға құятыны, байлықтың байлыққа құйылатыны да бекерден-бекер емес. Біткен малды бекер шашқаннан кісінің жақсы аты да, жомарт аты да шықпайды. Берекесізге, тексізге жасаған қайыр да бір, құмға құйған су да бір – екеуінен де із қалмайды. Бай болған кісінің мал шашуға діті жетпейтінінің бір себебі осында жататын болу керек. Сонымен қатар байлықтың әр екі кісінің бірі тани бермейтін айрықша қасиеті бар. Егер байлық адамгершілік негізі берік, тегі таза, кісілік, адамдық уызына жарып өскен, шілдесінде шырақ көрген кісіге бітер болса, онда оның рахаты мен қызығы бүкіл елге жетеді. Егер байлық адамшылық негізі жоқ, уызында жарымаған, шілдесінде шырақ көрмеген бір насқа бітер болса, онда оның рахатын ешкім де көре алмайды. Адамның, адамдықтың жауы осындай настардың арасынан шығады. Жамбылдың қарсы болатыны – осындай бай мен осындай байлық.
Биліктің де өз буы бар. Ол біреудің ойына түссе, біреудің бойына түседі. Уызында жарымаған, негізі жоқ, шілдесінде шырақ көрмеген әлдебіреуге билік тисе, онда ол билігін кісінің басына, құдайдың жолына қарап айтпайды, құлқынының қамына қарай айтады. Мұндай би мен мұндай билік – кісінің де, кісіліктің де хас дұшпаны. Жамбылдың жек көріп, жер-жебіріне жетіп айыптайтыны – осындай би мен осындай билік.
Адам мен заман – Жамбылдың шығармашылық өнерінің басты тақырыптық өзегі. Адамның жақсылығы мен жамандығы, адамдығы мен надандығы, адалдығы мен арамдығы сарапқа түскен шығармаларында ұлы жырау аз сөзбен, білінер-білінбес ишарамен-ақ заман тынысы, заман шындығы жайында үлкен ой түйеді. Зымыран уақыт жан біткеннің қай-қайсысын да, ұлысын да, кішісін де түптің түбінде бір тізесіне салып илеп, желқомдай түтіп, түте-түтесін шығарарын айтумен бірге кісінің кісілігі, жарық дүниедегі жақсылығы, адамдығы оның кісіге жасаған кісілігімен, кісіге тигізген шапағатымен, елге сіңірген еңбегімен өлшенетінін де ақын тебірене отырып толғайды. Жырау танымына салғанда адамның адамдығын сақтап қалатын, оның өзі өшкенмен атын өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа алып баратын күш-құдірет – оның осындай істері. Кісінің қалған пендешілік істерінің бірінде де опа жоқ. Мұндай түсінік, мұндай халықтық негізі берік берен қағида Жамбылдың шығармашылық өнері мен өнегесіне өлшеусіз зор, бағалы мазмұн дарытады.
Ел боданда, ер босқында жүрген заманда да ар ұялардай, ақындық ождан аяқасты болардай қылыққа бармай шындықты айтып, шындық шынарын көкке өрлету әрбір екі ақынның  бірінің қолынан келмейді. Жамбыл алдында отырған бай-шонжарды да, алдына бітейін деп тұрған мыңғырған малды да, қолына қонайын деп тұрған дәулет құсын да олардың баяндылығына, өзінің биік адамгершілік мұратына, халықтық нысанасына сай байымдап, бағалайды. Жастайынан ұстанған ақындық мұратына, шындықты, әділдікті, адамдықты құрмет тұтқан халықтық танымына лайықсыз болса, ақын бай мен байлықты да, дәулет құсын да қабыл көрмей сара ойы мен дара талантының, даналық танымының құс жолындай сайрап жатқан ақ даңғылымен самғай береді. Бұдан біреу басына жұмақ орнатпақ болса да әділет жолынан таймайтын, ар туына дақ түсіруге бармайтын халықтық ұлы мұрат, халықтық қайсар қасиет көзге түседі. Жамбыл – осындай халықтық ұлы мұрат пен халықтық қайсар қасиеттің жыршысы. Оның ақындық ұлылығы осында. Ақындық мұратқа адалдық, ақындық өнерге адалдық жоқ жерде ардың ақтығы мен ожданның тазалығы да болмақ емес. Қолының қысқалығына қарамай Жамбыл ақындық ар-ождан тазалығын дүние қызығынан, байлық пен дәулеттен өлшеусіз жоғары қояды, құдай берген талантты құдай көрсеткен жолға жұмсайды. Ақынның мұнысын, мұндай нысана-тұрғысын, дүние-мүлікке бұрылмай, ақындық ар-ождан, ақындық абырой, ақындық ақыл-ой мәртебесін өсірген даралығын оның өз заманы үшін де, бүгінгідей парықты нарық билеген базарлы заман үшін де таң болып, таң қалып қарайтын таным деген дұрыс. Мұндай қасиет пенденің кейпіндегі періштенің де, періште кейпіндегі пенденің де бойына бітпейді, ақындық өнерді ардың ісі деп білген, арын жанынан жоғары бағалаған, тақтан да, бақтан да биік қойған, тудай желбіретіп төбесіне көтеріп ұстаған нағыз халық данышпанының ғана басына қонбақ. Өнерді өркендететін, өнерпаздың өркенін өсіретін нағыз халықтық асыл қасиет деген осындай болса керек.
Ұлы жырау шындықты жырлап қана қоймай, оны жанын салып қорғады, елі үшін жырын қару етіп, күреске шықты. Бұл күрес үстінде көргендері мен көңілге түйгендері нәтижесінде ақын шындықты, әділеттілікті, адамдықты олардың тарихи тегіне сай тану дәрежесіне жетті, адам тағдырын, заман құлқын билеп-төстейтін жалпы заңдылықтарды шығармашылық сара таныммен байымдау деңгейіне дейін көтерілді.
Адам мен заман жайын, ел мен елдік, батыр мен батырлық арасын толғап, жырлағанда, Жамбылдың өзі де, жыры да сұңқардай сұрапыл, қырандай алғыр, тұлпардай жүйрік сипатымен дараланады. Тіпті ақын жырлары сұңқар самғап шыға алмайтын заңғар биікте парлап, қыран қанатын талдыратын қияға шырқайды, тұлпар тұяғы жетпейтін асу-асу белдерден асады. Сондықтан да ақын жырларының сұрапыл тасқыны алдында дүниенің байлығын алдына салып айдап, қорасына әкеліп қамап жүрген байлар да, тұтас аймақты қабағымен бағып, қалт еткізбей ұстаған болыстар да көмейіне құм құйылғандай үнсіз, тым-тырыс қалған. Тау басынан бұрқ-сарқ қайнап тасып шыққан таза бұлақтай асыл жыр өз жолында кедергі-тосқауыл дегенді білмей,  бұзып-жармай өтіп, жұрттың жүрегін баурап, көкейіне қонған соң ғана тұнады, жай тұнбай, өзі баураған жүрек пен өзі қонған көкіректі күндей жарқыратып, гүлдей жайнатып тұнады.
Алып – анадан. Халық даналығы осылай дейді. Ақынның алып болып тумағы–  заманнан. Бұл арада анадан алып болып тумаса да ақын болып туу, “жөргегінде жатқанда-ақ түсіне өлең кірген” тума талант болу қандай қажет болса, сол тума таланттың ақынға айналуы заманның өз талабынан, өз сұранысынан туындауы да соншалықты басты шарт. Олай болмаған жерде қандай тума таланттың да алыпқа, ақынның алыбына айналуы – алмағайып нәрсе. Сондай- ақ бойында туа біткен асыл қасиеті, ақындық асық таланты жоқ, бірақ “әу” деп әуелетіп өлең айтып жүрген қалың қарашоғырдың ешқайсысы да алып ақын бола алмаған, заман олардың ешқайсысын да ақынның алыбына айналдырмаған. Анадан ақын болып қана туған Жамбыл тоқсан жыл жасап, жүзге жүзін бұрғанда заманның алып шекпенінің жағасынан алып ақын болып қайта туды.
Анадан тума талант ақын болып туу да, жүз жыл жасап, заман құрсағынан ақынның алыбы болып қайта туу да жұмыр басты пенденің маңдайына жазыла бермейді. Бұл Алланың әмірімен Алланың сүйген құлының ғана пешенесіне жазылады. Жамбыл – Алланың сүйген құлы. Алланың кімді сүйіп, кімді сүймейтінін көріп-білген ешкім жоқ. Алайда, оның Жамбылға ауған ықыласын, берген бағын көріп-біліп отырып, Жамбылдың Алла тағаланың сүйген пендесі екендігін мойындамау асылыққа апарып соғар еді. Алланың қалауымен замана құрсағынан ұлы жырау, алып ақын болып туған Жамбыл қазақ ақындық өнерінің даму тарихында алға қарай алып адым жасады. Алып адымды ұлы жыраумен бірге қазақ поэзиясы да алып адымдап алға басып, өз дамуының жаңа дәуірін бастады. Сөйтіп қазақ халқының ақындық ойы, жыраулық өнері бірнеше ғасырлық даму, өркендеу жолын бір Жамбылдың ақындық ғұмырбаянының аясында ғана жүріп өтіп, тарихи ұлы серпіліс, адам айтса нанғысыз ғаламат сілкініс жасады. Мұның өзі қазақ халқының ақындық өнерінің, қазақ халық поэзиясының тұтастай бір қалың шоғырлы таланттарының көзін ашып, көңілін аршыды, елдің ақындық ойын шырқау биікке көтерді.
Сөз өнерінің білгір майталмандарының көпшілігі суреткердің таланты дегенді өмірде жұрттың бәрінің көзі түсе бермейтін, жұрттың бәрі көре алмайтын нәрсені көріп, жұрттың бәрінің көңілі тани алмайтын құбылысты тану деп түсіндіреді. Бұл орайда, әрине, жұрттың көзі көрмейтін нәрсені көріп, жұрттың көңілі тани алмайтын құбылысты танып қана қоймай, солардың бәрін жұрт таба алмайтын мазмұн мен мәнге бөлеп толғаудың маңызы да жоғары екендігінде сөз жоқ. Жамбыл – жұрт көрмеген шындықты көріп, жұрт тани алмаған құбылысты таныған, тек өзінше таныған, жұрт көріп, таныса да, батылы жетіп айта алмаған шындықты батылы жетіп айтқан, тек өзінше айтқан, айтқанда да жұрт таба алмайтын мазмұн мен жұрт келістіре алмайтын пішінге бөлеп айтқан, тағы да тек өзінше бөлеп айтқан ұлы ақын.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, 
профессор

 

Қатысты жаңалықтар

Байланыс аясынан тыс жерде

Байланыс аясынан тыс жерде

14.06.2026
Тіл – ұлттың жаны

Жарнама – тіл тазалығының көрінісі

14.06.2026
Бангкоктың ғажайып келбеті

Бангкоктың ғажайып келбеті

14.06.2026
Жайлы тұрмыстың негізі

Жайлы тұрмыстың негізі

14.06.2026
Гидротехникалық  құрылыс

Гидротехникалық құрылыс

14.06.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.