Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы барша елдің көңілінен шыққаны белгілі. Онда ел Президенті пандемиямен күресте сақтық шараларын күшейту, әлеуметтік көмектер, түрлі төлемақылар үшін жасалынған мемлекеттік жоспардың іске асуы жайын атап өтті. Ең негізгісі, халықтың ұйымшылдығы мен байсалдылығына, жұмыста белсенділік танытқан дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бейжай қалмаған барша азаматқа шын жүректен алғысын жеткізді.
Мемлекет басқарудың жаңа үлгісі
Елбасы – «Nur Otan» партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен 550 мыңнан аса отбасы «Біргеміз» қорының қолдауымен бір жолғы қаржылай көмекке ие болды. Бұл бастамаға ел меценаттары да аса белсенділік танытып, халқымыз қайырымды ел екендігін көрсете білді. Облыс әкімінің басшылығымен Жетісу жерінде де қыруар шаруа атқарылғанын жақсы білесіздер. Арнайы құрылған штаб күнделікті тынымсыз жұмыстың арқасында қанша адамның өмірін сақтап қалды. Арнайы бекеттер қойылып, халықтың қауіпсіздігі қатаң сақталды. Біздің саланың жұмысы да онлайн форматқа ауысып, әлеуметтік желі арқылы халыққа мәдени қызмет көрсетілді.
Жыл өткен сайын жаңа технологиялар шығып, цифрландыру жүйесі қызу қолға алынып жатыр. Осыған орай адамның қолымен атқарылған жұмыстар техникаландырылғаннан кейін кадрлық саясатты да өзгерту өте орынды көтерілген мәселе. Жолдауда ел Президенті басқарудың жаңа үлгісіне көшу қажеттігін атап, мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдетуді тапсырды. Биыл олардың санын 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқарту, сонымен қатар келесі жылдың 1 шілдесінен бастап балдық-факторлық жүйе енгізілуі тиіс екендігін атап өтті. Ол арқылы мемлекеттік қызметкерлер саны біртіндеп қысқартылып, одан үнемделген қаржы қалған қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, материалдық ынталандырылуына жұмсалмақ. Балдық-факторлық жүйенің енгізілуімен мемлекеттік қызметкерлердің құлшынысын арттырып, жауапкершілігін нығайтуға, кәсіби білікті және бастамашыл мамандардың мемлекеттік қызметке келуіне өз септігін тигізеді.
Жаңа жағдайдағы экономикалық даму
Кез келген мемлекеттің қуаттылығы оның экономикасының дамуымен тығыз байланысты. Осы орайда облысымыздың мәдениет саласына бөлінген қаржы 14,4 млрд. теңгені құрап отырғанын айта кетуге болады. Биыл 20 мәдениет мекемесі күрделі, 27 нысан ағымдағы жөндеу жұмысынан өтті. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасына 5502,4 млн. теңге бағытталды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 4 Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмысына 947,1 млн. теңге бөлінді.
Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық
Мәдениет – өркениет сатыларының алмасуына байланысты дамитын құбылыс. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын дамыту жолында мәдениет пен руханияттың алатын орны ерекше. Рухани бағыт қоғамның өмір сүруі мен қызмет етуінің маңызды тұсы болып табылады. Егерде ол бай мазмұнға ие болса, онда адамдардың өміріне қолайлы рухани, мәдени жағдай, моральдық-психологиялық ахуал қалыптасады. Осы тұрғыда халықтың мәдени тұтынушылығын қанағаттандыру және өнегелі ұрпақ, саналы азамат, талантты жастардың ынтасын өсіру мақсатында облыс аумағында 558 мәдени нысан халыққа қызмет етуде. Оның ішінде 247 Мәдениет үйі мен клубтар, 278 кітапхана, 26 музей, 2 галерея, 5 облыстық мекеме бар. Мәдениет үйлерінде 88 «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар ұжым мен 1489 көркемөнерпаздар үйiрмесi тегін қызмет көрсетеді.
Цифрландыру – барлық реформалардың негізгі элементі
Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуде цифрландырудың орны ерекше. Сол себепті бұл мәселенің Жолдауда орын алуының маңызы зор. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталады.
«Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын іске асыру бойынша облысымызда біршама іс атқарылды. Атап айтар болсақ, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің негізгі қорындағы 100 экспонаты 3D форматта өңделді. Оны VR көзілдірікпен М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінен тамашалауға болады. Сондай-ақ, облыстың тарихи-мәдени мұра нысандарының электронды картасы жасалды. http://mmzhetysu.kz сілтемесі арқылы кіріп, электронды карта парақшасын қолдануға және ақпарат алуға болады. Мұнымен қатар облыстың 242 тарихи және мәдени ескерткішіне QR-кодтар орнатылды.
Электронды кітапхана жобасын іске асыру мақсатында өткен жылы 2861 оқырманға «Е-kitaphana» пластикалық картасы арқылы қызмет көрсетілді. «WEB-РАБИС» бағдарламасымен облыста 41 кітапхана жұмыс істеуде. Облыс бойынша 2770 кітап сандық таспаға өткізілсе, ҚазҰЭК-на авторлық құқық заңының бабтарын басшылыққа ала отырып 1052 дана кітап жіберілді. 2606 кітап QR-штрих кодталып, электронды түрі өз сайттарында жүктелді.
Ұлттың жаңа болмысы
Қазақта «заманына қарай адамы» деген сөз бар. Адам – мемлекетіміздің ең басты құндылығы. Әрбір қазақстандықтың денінің саулығы, білімінің тереңдігі, бәсекеге қабілеттілігі, өз ойын ашық айта алып, мемлекеттік қызметте халыққа қолжетімді болуы да Жолдауда терең айтылды.
Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру, адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады» деген сөздердің өзі уақытында айтылып, тапсырылған міндет деп ұғамын. Бұл тұрғыда ұлттық мәдениетімізді дамытып, келер ұрпаққа жеткізу – басты парызымыз. Балаларға арналған байқаулар мен әдебиеттердің саны мен сапасын арттыру бізге жүктелген міндет. Облысымызда жыл сайын өтетін танымдық шаралар мен байқаулардың да маңызын арттыру жолында еңбек ететін боламыз.
Жолдауда Мемлекет басшысы уақытты тиімді пайдаланып, елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесін берік орнату керектігіне баса назар аудартты. Осы міндеттерді орындау баршамыздың азаматтық парызымыз деп білемін. Әрбір азамат «еліме не берсем екен» деген үлкен оймен ел дамуына үлес қосса, әлемдегі қуатты мемлекеттер қатарынан көрінеріміз сөзсіз. Осы орайда Жолдау – елге басты бағыт сілтейтіні анық. Еліміздің өркендеуі – баршамыздың басты арманымыз. Бабалар қанымен қорғаған елімізге жанымызды беріп еңбек етуден аянып қалмайық.
Марлен КӨЛБАЕВ,
облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы





