Текелі қалалық балалар мен жасөспірімдердің туристік және өлкетану орталығына, сондай-ақ, Текелі қалалық білім бөліміне жаңа автобустар берілді. Су жаңа көліктердің кілтін Текелі қаласының әкімі Батыр МОЛДАХМЕТОВ табыстады.
Бұл туралы Текелі қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған игі шара өңіріміздегі туризм саласын дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Автобустың біреуі 18, біреуі 22 орынды. Көліктер анық көріну үшін сары түске боялған. Балалар деген арнайы жазуы бар.
Автобустарды сатып алуға қаржы жергілікті бюджет есебінен бөлінген. Жаңа көліктер заманауи талаптарға сай. Автобустарда балалардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті құрал-жабдық бар. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдеулері және бүлдіршіндерге арналған баспалдақтар қарастырылған.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





