«Текелі су құбыры» коммуналдық мекемесі Текелі қалалық мәслихатының депутаттарының, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті өкілдерінің және БАҚ өкілдерінің басын қосып, биылғы атқарған жұмыстарын таныстырды.
Текеліліктер ауызсудан тапшылық көріп отырған жоқ. Жоңғар Алатауынан ағып шығатын Шажа, Қора, Қаратал өзендері тұрғындардың шөлін басып, қажеттіліктерін өтеп келеді. Десе де, судың тұнығын ішіп үйренген көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын қалалықтар құбыр суының тазалығына ерекше көңіл бөлетіндігі бесенеден белгілі. Соған орай қаланы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Текелі су құбыры» коммуналдық мекемесіне артылатын жүк салмақты. Бақыт Салиев басшылық ететін мекеменің ілкімді істері бүгінде жұрт көңілінен шығуда.
– Аталарымыз: «Су – тіршілік көзі» деп тегін айтпаса керек. Әрине, Текелі қаласында ауызсуға деген мұқтаждық аса көп сезілмейді. Бірақ құбыр суының тазалығы мен оның жеткілікті түрде жеткізілуі қаладағы көпқабатты және жекеменшік тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелер орналасқан ғимараттар үшін ауадай қажет. Біз осыны ескеріп, жыл сайын сумен жабдықтау жүйелерін жаңалап, су соратын және сүзгіден өткізетін, таза суды сақтайтын нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіп, жұрт талабын орындау үшін барынша еңбектеніп келеміз. Судың сапасы туралы әлі күнге шағымданған адам жоқ. Ал бағасы тұрғындарға қолжетімді. Дей тұрғанмен, техникалық құрылғыларды үнемі жаңартып тұру керек. Биылғы пандемияға қарамай осы бағыттағы жұмыстарды тыңғылықты қолға алып, біраз шаруа тындырдық, – дейді «Текелі су құбыры» коммуналдық мекемесінің басшысы Бақыт Салиев.
Биыл қаланың «Достық» шағын ауданындағы 3488 абонентті құбыр суымен қамтамасыз ететін Қонаев көшесінің бойындағы резервуарды тазалау жұмысын жүргізіпті. Жалпы 9000 м3 су сақталатын нысанды тазалау жұмысына бюджеттен 1млн. 320 мың теңге бөлініп, толық игерілген. Ауызсудың сапасын жақсарту, технологиялық құрылыстың сенімділік деңгейін арттыру, құрылыстың қызмет ету мерзімін ұлғайтуды мақсат еткен жұмыс сапалы әрі мерзімінде біткен.
Әркімді рұқсатсыз кіргізе бермейтін, тіпті «Текелі су құбыры» коммуналдық мекемесінің мамандары да арнайы рұқсатпен кіретін нысанды көріп қайттық. Резервуардың барлық жабдықтау жұмысының сапалы жасалғанын сыртқы көрінісінен-ақ білуге болады.
Ал қаланы сумен қамтамасыз ететін резервуарға таза су жеткізетін Қора көшесінің басына орналасқан сүзу стансысын аралап көріп, сумен жабдықтау жұмысын атқарып жүрген азаматтардың еңбектеріне тәнті болдық. Қора өзенінен алынған су алдымен бассейндерге жиналып, содан кейін арнайы орнатылған сүзгі құрылғылары арқылы тазаланып, дәріленіп, арнайы мамандар тарапынан сапасы тексеруден өткізіліп, резервуарларға жіберіледі. Биыл ауызсудан тапшылық көріп отырған қала аумағындағы жеке тұрғын үйлерге орталықтандырылған су құбыры жаңадан тартылып, көптің ризашылығына бөленіпті.
Қай қырынан келсек те «Текелі су құбыры» коммуналдық мекемесінің атқарған жұмысы көңіл көншітерлік. Қалалық мәслихаттың депутаты Арман Қожабек, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің өкілдері Салтанат Ерланқызы мен Жаннат Саятханқызы аталған мекеменің инвестициялық бағдарламалар мен тарифтік сметалар шеңберіндегі міндеттемесін толық орындап отырғанын жоғары бағалады.
Қажет АНДАС





