ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобы Панфилов ауданына келді. Айгүл Соловьева бастаған топ мүшелері аудан әкімі Талғат Өмірәлиевпен бірге «Нұр жолы» шегаралық кедендік өткізу бекетінің карантин жағдайындағы жұмысымен танысты. Топ мүшелері мұнда кеденшілермен, шегарашылармен және халықаралық жүк тасымалдаушы автокөліктердің жүргізушілерімен кездесіп, жұмыс тәртібін қарады.
Пайдалануға берілгеніне көп уақыт бола қоймаған «Нұр жолы» өткізу бекеті уақыт талабына сай әлемдік озық үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылған. Бұл бекеттің тәулігіне 250 жүк көлігін ары-бері өткізуге мүмкіндігі бар. Алайда қазіргі карантин жағдайында жүк тасымалдау ісі саябырсып, белгілі мөлшерге дейін шектелген. Кеденде жүк көліктерін онлайн жүйесімен кезекке тіркеу тәсілі жұмыс істейді. Осы әдіспен соңғы екі аптада шегарадан 400-ден астам жүк көлігі рәсімделіп өткізілген.
Карантиндік қиындықтарға қарамастан Қытайдан біздің елге әр текті көптеген тауар өткізілуде. Сол сияқты біздің кәсіпкерлер өндірген өнімдер де тоқтаусыз шегара асып, Қытай еліне жол тартуда. Дегенмен, айлап кезек күткен жүк көліктерінің жүргізушілері кезек сақтауға байланысты өздерінің өтініш, шағымдарын республикалық арнайы мониторингтік топ мүшелеріне жеткізді.
Бұдан кейін астаналық топ мүшелері Жаркент қаласына келіп, күзгі жиын-теріннің алғашқы легін қабылдай бастаған Жаркент крахмал-сірне зауытының жұмысымен танысты. Биыл бұл кәсіпорын жергілікті диқандардан 150 мың тонна жүгері дәнін қабылдап, өңдемек. Зауыт өндірісінің қалдықтарынан тарайтын жағымсыз иіс жергілікті халықтың наразылығын туғызып, бұл мәселе республика көлеміндегі ақпарат құралдарында талқылана бастағанына да біраз уақыт болды. Осы мәселеге байланысты топ мүшелері кәсіпорын басшыларымен кездесіп, мәселені оңды шешудің жолдарын қарастырды. Аталған мәселені жөнге салу үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 850 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражат кәріз жүйелерін жаңартуға және зауыттан шығатын қалдық суды сүзгіден өткізу алаңын жасауға жұмылдырылған.
Бұдан басқа кәсіпорын басшылары өз қаржысына жаңа тазарту жүйесінің құрылысын жүргізіп, қуатты сүзгі қондырғыларын орнатып, мәселені түбегейлі шешуге қарекет жасауда. Қалдық суды сүзіп, тазартатын жоба құрылысы толық аяқталғанда жаркенттіктер мазаларын алған жағымсыз иістен біржола құтылады.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы





