Сылдырап аққан бұлақ көзіне бай Баянжүректегі қасиетті дүниенің бірі – петроглифтер. Бұл петроглифтерді ашық аспан астындағы суреттер көрмесі деп атаса да болады. Тауға өрлесеңіз, қара тастардың бетіне ойылып салынған жүздеген бейнені көре аласыз.
Баянжүрек петроглифтері құрамы мен мазмұны жағынан алуан түрлі. Мұнда қола дәуірінен кейінгі орта ғасырларға дейін осы өңірді мекендеген тайпалар мен халықтардың тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімдері мен дүниетанымын, философиялық, эстетикалық көзқарастарын баяндайтын жеке бейнелер де, көп бейнелі күрделі композициялар да кездеседі. Бұл петроглифтерге қарасаң, арасында екі ғажайып бейнені, соның ішінде, діни-ғұрыптық рәсімді байқауға болады. Аяқтарының ұшы сәл солға бағытталған, тізелері бүгіңкі, сирақтары параллель екі түзу іспетті. Ал кеудесі тіктөртбұрыш тәрізді, ұзынша. Бір қолы иіліп төмен қараса, екінші қолы дәл солай, бірақ жоғары көтерілген. Мойыны ұзын, үшбұрыш тәрізді басының жан-жағынан шашыраған жеті сәулені көруге болады.
Келесі бір суретте бейненің кеудесі ұзындау, тізесі сәл бүгіңкі, бірақ аяқтарының ұшы оң жаққа қараған. Қолдары сәл бүгіліп, бір жұдырығы түюлі түрінде бейнеленген. Мойыны ұзын, әрі тік, бұл суретте де басындағы сәуле жетеу. Сол жағында қос мүйізді ешкі мен анық емес бейне қашалса, оң жағында жыртқыш құстың бейнесі бейнеленген. Сонымен қатар, бұл петроглифтердің ішінде сақ стилімен салынған бейнелер, ғұн-сармат кезеңіне жататын көріністер де бар. Жартастағы суреттердің біразы салт атты сарбаздар бейнесінде бейнеленген көне түркі дәуірінің көрінісі саналады.
Қазіргі таңда бұл петроглифтер ғылыми тұрғыда зерттеліп, зерделенген. Тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев жетекшілік еткен Халықаралық қазақ-француз археологиялық экспедициясы 1993-1996 жылдар аралығында Баянжүрек петроглифтерін толыққанды зерттеген. Олар суреттерді топтарға жіктеп, толық сипаттама беріп, суретке түсіріп алған. Сонымен қатар, ең қызықты деген петроглифтердің пластикалық көшірмелерін жасаған. Бұл таңбалы суреттер туралы құнды ғылыми кітаптары да жарыққа шыққан.
Іргесін тарихтың өзі қалаған Баянжүрек тауы табиғаттың тылсым сырынан пайда болған ашық аспан астындағы музей сияқты. Қаншама мыңжылдықтар бойы Ұлы Даламызда салтанат құрып келген ұлы құндылықтар ұрпаққа ұлағат. Ал мұндай дүниелерді мәңгілікке сақтай алсақ, көне заман куәгерлерінің бойындағы талай құндылыққа қаныға түсеріміз ақиқат.
Алмагүл САПАРОВА,
Ақын Сара мемориалды музейінің
экскурсия жүргізушісі
Қапал ауылы,
Ақсу ауданы




