Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру – сабақ беру мен оқыту сапасын арттыру үшін жаңадан және бұрын алынған кәсіби білімін, іскерлігін, дағдысы мен құзыретін дамытуға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіби оқыту нысаны. Ал, біліктілік дегеніміз – бұл білімдегі, тәжірибедегі, берілген білімді меңгертудегі бейімділік, құндылықты бейнелейтін жалпы қабілеттілік.
Осы мақсатта 3 тамыз бен 28 тамыз аралығында облыс бойынша ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған «Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Ағылшын тілі» пәні бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсы онлайн ұйымдастырылуда. Онлайн-курс тыңдаушыларға білім беру ортасына толығымен енуіне мүмкіндік береді. Дәріс оқу, тыңдау, тапсырмаларды орындау, мұғалімдермен кеңесу және желіге қосылу арқасында тыңдаушылармен сөйлесу мүмкіндігін тиімді пайдаландық. Курсты жүргізген«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша ПҚБАИ» ағылшын тілінің аға оқытушысы, тренер Анар Тоқтасынова өзінің біліктілігі мен білімділігін көрсете білді. Бұл курсқа Алматы облысының әр ауданынан 30 ағылшын тілі мұғалімі жиналды. Курстың мақсаты – мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру және мектепте ағылшын тілін жаңартылған білім беру мазмұнында оқыту.
Курс басталғалы Анар Тезекбайқызы тыңдаушыларға «Бастауыш сынып оқушыларының ағылшын тілін оқытуда оқылым, тыңдалым, айтылым, жазылым дағдыларын дамыту», «Оқу мен оқытудың тиімді тәсілдері», «Бағалау түрлері» және тағы да басқа тақырыптарды ұсынып, талқылау жүргізіп отырды.
Тренер тарапынан жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі үш құжаты: оқу бағдарламасы, оқу жоспары және бағалау түрлері, олардың құрылымы бойынша дәріс берілді. Мұғалімнің басты құжаты сабақ жоспары болса, қазіргі таңдағы сабақ жоспарына қойылатын талаптар туралы құнды пікірлер айтып, оны қалай жазу керектігін үйретті. Қазіргі таңдағы бағалау жүйесіндегі өзгерістерді нақты талқылап, критериалды бағалау жүйесін тек теория жүзінде емес, тәжірибе жүзінде де түсіндіріп берді.
Курс барысында педагогтар шет тілін оқытуда мотивацияның басты рөлін түсіну үшін, білім беру мекемелерінде мұғалімдерге оның негізгі әдіс-тәсілдерін, құрылымын жақсы білуі қажет екенін түсінуде. Мотивация мәселелерін қарастыруда және қалыптастыру жолын іздестіруде оны түсінуге мүмкіндік бола бермейді. Себебі, мотивацияның қалыптасуы бұл мұғалімнен оқушыға берілмейтін әр сабақтың үрдісінде көрінеді. Сабаққа деген ішкі ынта сезімінің артуы және барлығын түсіне отырып, мотивациялық құндылықтар ортасын өз бетінше әрі қарай дамыту арқылы жақсы нәтиже көрсетуге болады.
Анар Тезекбайқызының көмегімен курс тыңдаушылары тілді үйрену сабақтарында оқушылардың тыңдау, оқу, жазу, сөйлеу дағдыларын дамыту сабақ барысында жүзеге асып отыруы тиіс және жазудан қарағанда оқушылардың тыңдап түсінуіне, сөйлеуіне көбірек назар аудару керектігін айтты.Мұғалімдер әр сабақ сайын өз тәжірибелерімен бөлісіп, сабақ беру сапасын қалай жақсартуға болады, оқушыларды пәнге қалай қызықтыруға болады деген сұрақтар төңірегінде ой бөліседі.
Әл-Фарабидің «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген сөзін ескере отырып алдағы уақытта жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша жұмысты жүйелі, тиімді жүргізу арқылы оқушылардың тереңде жатқан ойын дамыта, оларды сөйлеуге, сыни тұрғыдан ойлауға, өмірде де тиімді пайдалана алатындай дәрежеде дәлелдеуге үйрету мұғалімнің басты мақсатының бірі болмақ.
Қорыта келгенде, білім беру жүйесіндегі инновациялық процестерді ұйымдастыру үшін ұстаздың біліктілігі, оның кәсіптік даярлығы, тұрақты және динамикалық түрде дамитын педагогикалық ортада өз қызметін жүзеге асыруға дайындығының маңызы зор. Осы бағытта мұғалімдерге дәріс беріп, талмай еңбек етіп жүрген Анар Тезекбайқызына алғысымыз зор.
Қапиза АБДУСАЛАМОВА,
Саурық батыр
ауылындағы
орта мектептің директоры, ағылшын тілі мұғалімі
Жамбыл ауданы




