2019 жылдың 10-14 шілде аралығында Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «Baqytty bala» ІІ ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы өткізіледі.
«Baqytty bala» байқауын жас таланттар фабрикасы деп атауға болады. «Baqytty bala-2018» финалистері жыл бойы өздерінің жас ерекшеліктеріне қарамастан, табысты әртістер ретінде өздерін жоғары қырынан көрсете білді. Мысалы, «Junior Eurovision» халықаралық ән байқауының ұлттық іріктеу суперфиналистерінің жартысы «Baqytty Bala» I фестивалінің қатысушылары. Айталық, Ержан Максим – мәскеуліктерге танымал ресейлік «Голос.Дети» фестивальінің екі Гран-приінің бірін иеленіп, жүлделі екінші орынды қанжығалады. Ал екінші Гран-при иегері Наргиза Жанұзақова әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің Лондонда өткен жеке концертінде өнер көрсетті. Мұндай мүмкіндікті Димаш Наргизді «Baqytty Bala-2018» марапаттау рәсімі кезінде өзі сыйға тартты.

Қазылар алқасының мүшелерінің есімдері (белгілі өнер қайраткерлері, мәдениет саласына еңбегі сіңген қызметкерлер мен сарапшылар, сондай-ақ эстрада жұлдыздары) Гала-концертте ғана белгілі болады.
Байқау жеңімпаздары дипломдар мен сыйлықтардан басқа, қаржылай гранттармен марапатталады. Фестивальдің жалпы жүлде қоры — шамамен 2 000 000 теңге.
Фестиваль жас қатысушылар мен қазақстандық шоу-бизнестің танымал жұлдыздары, сондай-ақ, шетелдік қонақтар қатысатын керемет вокалдық шоумен аяқталады.
«Baqytty bala-2019» байқауына қатысуға ниет білдірушілер конкурстың ресми www.baqyttybala.kz сайтында өтінім беру ережесімен таныса алады. Айта кетейік, өткен жылы маусым айында Ақтөбе қаласында «Baqytty bala» атты І ашық балалар вокалдық фестиваль байқауы өткен болатын. Ол Ақтөбе облысының мәдени брендіне айналды. Іс-шараны «ДимашАли» шығармашылық орталығының қолдауымен Ақтөбе облысының әкімдігі ұйымдастырды. Елімізде теңдесі жоқ жобаға Қазақстан, Ресей,Өзбекстан, Украина, Греция өкілдері қатысқан еді.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»





