Әрбір адамның өмір жолы, еңбек еткен кезеңі сол өңір тарихының бір бөлшегі іспетті. Әсіресе елдің өркендеуіне үлес қосқан айтулы жандардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі, қатарластарына қуаныш. Қара жұмыстан қайтпаған ондай қарапайым жандар еңбек көрігін қыздырып, халықтың игілігі жолында аянбайды. Сондай ұлағатты ғұмырдың иесі – Талдықорған қаласы әкімі аппаратының басшысы Тимур
Биғожанов.
Осыдан тура 60 жыл бұрын қазіргі Қаратал ауданына қарасты Жаңаталап ауылында дүниеге келген Тимур Қапасұлы сол кезеңдегі барлық балалардай жастайынан еңбекке араласып өсті. Жазғы демалыста қырман мен шабындықта өзі қатарлы жасөспірімдермен шалғы тартып, айыр мен күректі серік еткен кейіпкеріміз еңбек жолын мектепті бітірген соң Абай атындағы қой совхозында шопанның көмекшісі болудан бастады. Ес білгелі қатар өсіп, өмірдің қызығын бірге көріп келе жатқан құрбы-құрдастарымен әлі күнге араласып, бір-бірінің қуаныш-қайғысына ортақ.
Шопандықтың өзіне тән ауыртпалығын бір жыл көлемінде басынан өткерген кейіпкеріміз 1977 жылы Елтай атындағы орта мектепке денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып орналасады. Осылайша білім саласына үлес қосуды ойлаған жас жігіт көп ұзамай әскер қатарына шақырылып, Ресейдің қиырындағы Красноярск қаласына аттанады.
Екі жыл ішінде қатардағы жауынгерден бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары міндеттерін атқара жүріп, аға лейтенант шенін иеленеді. Оған қаршадайынан қара жұмыстан қашпаған қажырлы қайраты мен әділетсіздікке төзбейтін турашылдығы, тілдескен адамға бірден әсер ететін ашықтығы мен шынайылығы себеп болды. Әскерге бірге алынған Виктор Дедиков, Нұртай Жобалаев, Рамзан Ахмадов, Байжан Балапанов, Герман Абуев, Болат Абдамбаев, Жақан Қалиев сынды жігіттермен бірге ефрейтор Тимур Баратовтың ақыл-кеңесін алып, өздеріне жақын тұтады. Соның әсерінен болар, өзара сыйластықты әскерден соң да жалғастырып, бір-бірімен хабарласып тұрды.
Көзін көрген, жақыннан таныған жандармен қарым-қатынасын бекітудің артында әкесі Қапас Атамбайұлының берген тәлімі мен тәрбиесі жатыр. Қаратал өңірінде ел басқарып, еңбек көрігін қыздырған әкесі елге сыйлы, көпке үлгі болған адам. Ұяда көрген өнеге қанат қағып ұшқанда қажетке жарап, сыйласқан, сырласқан жанның бәрін жақын тартуға тырысты. Содан жаман болмады.
Әскерді бітіріп, туған ауылына оралған жігіт мұғалімдік қызметін жалғастырады. Жоғары оқу орнын бітіріп, білім ордасына ұстаздыққа келген жас мамандардың ішінен Бақыт есімді бойжеткен жүрегін ұяңдығымен, сыпайылығымен баурап алды. Кішкентайынан атасы Ғабдул мен апасы Есбаланың бауырын жылытып, үлкендердің тәрбиесін көрген қызды ұнатып, көп ұзамай үйленді. Өмір жолына қол ұстаса бірге аттанған жас жұбайлар тіршіліктің ыстық-суығына төзіп, тұрмыстың тауқыметін бастан өткергені анық. Осылайша отбасылық сыйластықты сақтай білген ерлі-зайыпты Ертас, Нұртас есімді екі ұл өсіріп, оларды жеткізді.
Тимур Қапасұлы 1985 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогика институтының орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітіріп, дипломды маман атанды. Білім алудың қиындығы мен ауыртпалығын мойымай көтеруге көмектескен зайыбының қолдауын ешқашан естен шығарған емес. Адам өмір бойы оқып, білімін жетілдіре түседі екен. Өйткені, сұраныс пен біліктіліктің күн санап өсуі маманнан білім қорын молайтуды талап етеді. Осыған орай Көксу ауылшаруашылық техникумын агроном мамандығы бойынша бітіріп шыққан Тимур Биғожанов 1992 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтынан саясаттанушы дипломын алып шығады.
Бұл еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық экономикаға көшіп жатқан қиын күндер еді. Соған қарамастан ғылымның қиын соқпағына түскен кейіпкеріміз Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде «Қазақстан Республикасындағы ұлттар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін жастарға қалыптастыру» деген тақырыппен кандидаттық диссертация қорғады. Осылайша ғылымның бір саласы саясаттану бойынша 60-тан астам ғылыми еңбек жазып, жоғары оқу орындарының студенттеріне дәріс берді. Сол шәкірттерінің көпшілігі осы күні еліміздің әр өңірінде әртүрлі саланың жұмысын жандандыруда.
1985-1988 жылдары Талдықорған қаласында облыстық жастар комитеті, студенттер отрядының комиссары – бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1988-1990 жылдары Жастар комитетінің әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған Тимур Қапасұлы 1992 жылы Қазақстан Жастар одағының Талдықорған облыстық филиалына бірінші хатшы болып сайланды. Орда бұзар отыз жасында облыстық жастар ұйымына жетекшілік жасап, қоғамның жігерлі бөлігінің дұрыс жолды таңдауына үлес қосқан кейіпкеріміз 1994-1995 жылдары облыстық мәслихаттың әкімшілік-құқықтық, ұйымдастырушылық бөлімінің меңгерушісі, 1995-1996 жылдары ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі, 1996-1997 жылдары «Қазақстан халықтық бірлігі» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары, қала әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі, 1997-1999 жылдары «Темірқазық» институтының гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы сынды аса жауапты қызметтерді мүлтіксіз атқарды. Осылайша Жетісу жұртшылығының көз алдында еңбек етіп, жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген маманның қажырлы еңбегін ескерген өңір басшылығы Тимур Қапасұлын 1999 жылы Талдықорған қалалық мәслихатына еңбек етуге бағыттайды. Қалалық мәслихаттың қатардағы маманынан бас маман, тексеру комиссиясының төрағасы сынды жауапты міндеттерді атқара жүріп, аппарат басшылығына дейін көтерілді. Сол аралықта қалалық мәслихаттың ІІ, ІІІ, ІV шақырылымына депутат болып сайланады. Абыройлы еңбегі ескерілген ол түрлі медальдар мен ордендерді иеленіп, ел алдында құрметке бөленді. Атап айтқанда, «Мұхаметжан Тынышпаевтың туғанына – 130 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Мұсабек Сеңгірбаевтың туғанына – 100 жыл» мерекелік медальдарымен, облыс, қала әкімдерінің және мәслихаттардың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Осының өзі оның абырой биігіне көтерілген азамат екендігінен хабар берсе керек.
Өмірлік тәжірибесін студенттермен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеуге бар саналы ғұмырын арнаған Тимур Қапасұлы бүгінде зайыбы Бақытпен бірге Нұрали, Адия, Ерали, Айсара, Сұлтанали есімді бес немере тәрбиелеп отыр. «Балаң – өскенше, немерең – өлгенше» деген қазақы тәмсілдің сырына үңіліп, есімі әлемдік тарихта қалған тұлғалардың пікірін ұрпағының санасына сіңіріп келеді. Орыстың әйгілі академигі Н. Вавиловтың: «Ғылымға оқытады, ал білім бір адамнан екіншісіне беріледі» деген сөзін өмірлік ұстаным ретінде ұстанған Биғожанов өскелең ұрпақтың бүгінгі тәрбиесіне қатты алаңдайды. Себебі, келешектің жарқын, болашақтың табысты болуы жастардың біліміне, білігіне тікелей байланысты. Білімнің тұнығын, тәжірибенің үздігін алмаған жанның дүниетаным көкжиегі тар, көзқарасы таяз болып қалыптасатынын жақсы ұғынады. Сол үшін білгенін кейінгіге үйретуден жалықпаған ұстаз АҚШ Президенті болған Джордж Вашингтонның: «Адамның басындағы табысын қоғамдағы дәрежесімен емес, сол дәрежеге жетер жолдағы кедергілермен өлшеу керек» деген айтулы пікірін жанына жақын тартады. Өйткені, шалғайдағы ауылдан шығып, толымды жетістіктерге жеткен Тимур Қапасұлы тағдырдың ауыртпалығын басынан өткерді. Туған әпкесі Шолпан мен қарындасы Қарақаттың жастай шетінеуіне, кіші қарындасы Майгүлдің бойжетіп қалған шағында қайтыс болуына қайғырған әкесі Қапас пен анасы Сараның жүрегі ауырғанын көру бұған да оңай тимеді. «Орнында бар оңалар» деген халық даналығына сүйеніп, ағасы Матеннің, інісі Памирдің, қарындасы Айтанның амандығын тіледі. Одан бөлек, Жанали есімді баласының екі айлығында шетінегені тағы бар. Тіршіліктің осындай түйткілдері мен ауыртпалықтары алдынан шыққан кейіпкеріміз болашақ ұрпақтың тәрбиесі дұрыс болуын армандады. Соның әсерінен болар, танитын, танымайтын талай баланың білім алуына септігін тигізіп, өмір жолын дұрыс таңдауына кеңес берді. Жасаған жақсылықтың қарымы ешқашан жоғалмайды.
Қашанда адамзаттық ақыл-ой қауымының айтар ойы мен пікірін алға тартатын Тимур Қапасұлы анасы Сара Ақатайқызы берген кеңесті ешқашан ұмытпақ емес. Елге қызмет етіп, облыс орталығында жүрген шақта туған үйіне ұдайы келіп, әке-шешесінің ақыл-кеңесін тыңдап, айтқандарына құлақ асып жүрді. Бірде таң қылаң берген шақта анасының: «Балам, әр нәрсенің өз жөні, әр өзеннің төменге ағатын суы бар деген. Ақыл мен мінез судың арнасындай. Өмірлік серігімен қол ұстасқан соң ер-азаматқа тән ақыл, қанағат, әдеп, төзім, сабырлылық, үміт пен татулық сынды қасиеттерді басты қағидаңа айналдыр!» – деген жанашыр тілегі әлі күнге құлағында жаңғырып тұрады. Содан да болар, Талдықорған қаласын басқарған Сәкен Жылқайдаров, Махаббат Бигелдиев, Ермек Алпысов, Бағдат Қарасаев, Дастан Шалтабаев, Ғалымжан Әбдірайымов сияқты әкімдердің іскерлігін жоғары бағалап, қалалық мәслихаттың белді маманы ретінде кеңес беріп отыратындығы. Бүгінде гүлденіп, көше шамдары самаладай жарқыраған облыс орталығының өркендеуінде Тимур Биғожановтың да үлесі бар.
Мәди АЛЖАНБАЙ





