Талдықорған қаласы жаңа құрылыстарымен қанат жаюда. Ендігі мақсат – нысандардың сапалы салынуына көңіл бөлу. Облыс әкімі Амандық Баталов жаңадан ірге көтеріп және күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан нысандарды аралағанда осы мәселеге баса назар аударды.
Амандық Ғаббасұлы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл орайда нысанның сырт келбетінің көз тартуы, сәулеттік кескіндері, эстетикалық үйлесімділігі, демалуға келгендерге жақсы әсер қалдыруы назарға алынды. Өлке басшысы біраз шаруасына өзгертулер енгізді.
Келесі нысан – субұрқақ. Орталық алаңда 7 субұрқақ болады. Негізгісі – Мәдениет үйі мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының ортасында салынуда. Амандық Ғаббасұлы субұрқақтың сәулетіне ерекше көңіл бөлді. Оны әрлеуге Қапалдың мәрмәр тасы пайдаланылады. Ал жан-жағын әсемдеуге Қапшағайдың тақтатасы қолданылады деп шешілді. Екі аймақтың құрылыс материалы да сапасымен ерекшеленеді. Олардың түр-түсі, қиыстырылуы, көлемі де назардан тыс қалған жоқ.
Өңір басшысы құрылыс саласын жақсы білетіндігінің арқасында сырт көзге байқала бермейтін кемшіліктерді аңғарып, «Асат» құрылыс компаниясының басшыларына сын айтты. Құрылыс жүріп жатқан аумақта өсіп тұрған ағаштарды бей-берекет кеспеу, сол маңдағы орындықтарды жаңарту жөнінде тапсырма берілді.
– Мен айтқан кемшіліктер бойынша хаттама толтырыңдар. Сонда орындалуы назарда ұсталады. Өткен жолы берген тапсырмалар әлі орындалмаған. Мәдениет үйі маңындағы орындықтар қисық-қыңыр қалпында тұр. Сынғандарын тездетіп жаңартыңдар», – деді ол «Асат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшыларына. Сондай-ақ, субұрқақ нысанын салушыларға адам санын көбейту керектігін айтты.
Қалада көшелерді абаттандыруға да мән беріліп жатқаны белгілі. Бұрын бос жатқан аумақтар тұрғындар серуендейтін скверьлерге айналдырылуда. Соның нәтижесінде «Қаратал» шағынауданы, солтүстік айналма жол, Жансүгіров көшесінің «Шығыс» шағынауданына бара жатқан аумақ демалыс орнына айналдырылды. Игілігін қала тұрғындары көруде. Ол жерлерде бүгінде әртүрлі шаралар өтіп, тұрғындардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалған. Осындай скверь Тәуелсіздік көшесінің бойына, орталық әмбебап дүкенінің шығыс жағындағы бос жатқан жерге жасалуы тиіс еді.
Скверь жасаушылардың жобасы әкімнің көңілінен шықпады. Шағын демалыс алаңын арзанқол тастар айқұш-ұйқыш кескіндермен бірнеше бөлікке бөліп тастаған. Тұрғындардың кешкі серуенге шығатын орнында көгал, демалатын орындықтар болғаны жөн. Ал мердігерлер скверьге қисық-қыңыр тас төсеніштер төсей салған. Орталық көшемен қиылысатын жері де қабыспайды. Бірі жоғары, бірі төмен. Үйлермен жалғасатын аумақтың көркейтілуі ойластырылмаған.
Амандық Ғаббасұлы мердігерлермен келісімшартты бұзу керектігін айтты.
– Қолға алдың ба, тұрғындардың көңілінен шығатындай етіп жаса. Мыналарың елдің демалуына ыңғайлы емес. Келген адамдар төсеген үлкенді-кішілі кірпіштеріңе шалынып құлайды. Жан-жағы көшелермен қиылыспайды. Бөлінген қаржыны мақсатты жұмсамағансыңдар, – деп реніш білдірді. Мердігерлердің бұған дейін істеген жұмысы осылайша жарамсыз деп танылды.
Облыс әкімі Амандық Баталов бұдан кейін 7-шағынауданда салынып жатқан 1200 орынды жаңа мектепке барды. Мектеп 6-7 шағынаудандағы балаларға арналып салынуда. Бүгінде мұнда 1000-ға тарта бала бар. Сол маңдағы ата-аналар осындай мектеп салып берген облыс, қала басшыларына алғыс жаудырды. Оқу ғимараты қолданысқа берілуге дайын. Акт залының төсеніштері төселуде.
– Мұнда балалар ән айтып, би билейді. Сондықтан еден, орындығы ашық, көңіл көтеретін түстерден болсын, – деді облыс басшысы. Келесі нысан – музыка мектебі. Аталмыш өнер мектебіне Ақын Сараның аты беріледі. Мұның да сырт келбетінің көз тартатындай болуы керектігі назарға салынды. Қабырғаға пианиноның клавиштары бейнеленуі тиіс.
Соңғы нысан – театр. Театрдың қаладағы сәні мен салтанаты келіскен ерекше ғимарат болатындығы бірден байқалады. Дизайнын республикаға танымал сәулетші Ақмырза Рустембеков жасады. Ол ғимараттың кіреберісінен бастап, сәулетін ерекше тартымды етіп ойластырыпты. Баспалдақтары, орындықтары да талапқа сай. Қала халқының құлшыныспен баратын орнына айналатыны тартымдылығы мен жайлылығынан байқалады. Қазірдің өзінде жанға жайлы, келген жанның көңілінің хошын келтіретін ғимарат. Жоғары талғаммен ойластырылған зал 517 орынға арналған.
Барлық нысан белгіленген мерзімде пайдалануға беріледі. Тек сапасы талап биігінен шықса деген ниет бар.
Гүлжан ТҰРСЫН





