Елімізге белгілі ер-азаматтарға дәл осындай сұрақ қойған едік.
Бейбіт МҰСА,
дәстүрлі әнші, «Мен қазақпын»
тележобасының жеңімпазы:– Мен үшін әр күн мереке. Жалпы 8 наурыз күні халықаралық мереке болып бекітілгеннен кейін аналарымызды, әпке-қарындастарымызды күндегісінен ерекше құттықтағымыз келетіндігі анық. «Ана – бақыт, ана – шаттық ырысы», болмаса «Аналардың алдында Алатау да аласа» дейді. Үйдің мерекесі, берекесі, жарық шашқан сәулесі болған анама, жарыма қажет деп тапқан бұйымдарды, жәдігерлерді сыйлаймын. Мерекені керемет әсермен өткіземін.
Мерей СҮЙІНОВ,
каратэден әлем чемпионы:– Ең алдымен, жарымыз екеуміз ауылдағы әке-шешеме барамыз. Бұл отбасымыздың жылдағы дәстүрі. Анама сыйлық дайындап қойдық. Қарындастарым бар, оларға да азын-аулақ заттар алдық. Ал жарыма сыйлықты жеке беремін. Әр жылы әртүрлі сыйлықтар сыйлаймын. Биыл достарыммен бірлесіп келіншектерімізге кешкісін отырыс ұйымдастырып, сыйлық беруді жоспарладық. Бұл қалыптасқан үрдіс.
Қуат БАЙМЫРЗАЕВ,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры:– Өмір күнделікті тіршіліктен тұрады. Жұмыс барысында, тұрмыс қамында жүрген ер-азаматтардың кейде көңіліндегі шын пейілін білдіретін уақыты бола бермейді. Ал мереке күні аяулы жарыңды, туған қызыңды, тілекқор апа-қарындастарыңды және ибалы келініңді мерекемен құттықтауға, ізгі тілегіңді білдіруге мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті жібермей мерекелік демалысты отбасыммен өткізіп, үйдегі нәзік жандардың көңілін табуға тырысамын.
Нұржан САЯТҰЛЫ,
кәсіпкер:– Бұл күн анамды құттықтаудан басталады. Ары қарай жарымды, әпке-қарындастарымды, жақындарымды құттықтаймын. Қара шаңырақта дастарқан жайып, бағалы сый беремін. Бұл кез келген ер баланың ана алдындағы, әпкесі, қарындасы үшін атқаратын асыл міндеті. Ата дінімізде де сыйлық беру ерекше сауапты істің бірі ғой. Сондықтан бұл мерекені ерекше етіп өткізу керек.





