«Өз әскерін қамтамасыз ете алмаған мемлекет өзгенің әскерін асырауға мәжбүр болады…» деген тәмсіл бар. Ежелден елінің амандығы мен жерінің бүтіндігі жолында күресіп келе жатқан қазақ елі тәуелсіздігін жария еткелі бері бейбітшілік қағидаларын берік ұстана отырып, қауіпсіздік қамын жасауды да ұмытқан емес. Қорғаныс саласы үнемі жетілдіріліп, жауынгерлердің біліктілігін арттыру басты назарға алынған.
Ұлы даланы сұғанақ жаудан қорғау үшін ат үстінде күн кешіп өткен даңқты бабаларымыздың ерлік жолын бүгінгі жастар лайықты жалғастырып келеді десек, қателесе қоймаспыз. Күні кеше ғана Қарасай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнен Отанның тыныштығын қорғауға аттанған болашақ жауынгерлер осы сенімді нығайта түскендей. Бұл жолы әскер қатарына шақырылған 20 жігітті ата-аналарымен бірге Ұлы Отан және Ауған соғысының ардагерлері, мектеп оқушылары салтанатты түрде шығарып салды.
Әскери комиссариаттың алдында сап түзеген болашақ жауынгерлерді бірінші болып Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-полковник Болат Дарбеков құттықтап, ақ жол тіледі. Қатардағы жауынгерден бастап, жоғары әскери шенге дейін өзінің еңбегімен, Отан алдындағы адал қызметімен қол жеткізген генералдың тәлімді сөздерін жастар қызыға тыңдады. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері Сақина Өскенбаева апамыз немере-шөберелерімен қатарлас жастарға сонау зұлмат соғыс кезінде өздерімен тұстас жауынгерлердің жасаған ерлігін үлгі етіп, сол дәстүрді берік сақтауға шақырды. Аудан имамы Асылхан қажы елі мен жерін сыртқы жаудан қорғау әр мұсылманның қасиетті парызы екенін ескертсе, Алматы қаласы Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы, подполковник Серікбай Баймолдинов сол соғыстағы орта буын өкілдерінің ерліктерін тілге тиек етті.
Кәмелеттік жасқа толған әрбір азаматты тіркеуге алып, уақыты келгенде әскер қатарына аттандырып отыру жұмысына жауапты Қарасай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы, полковник Анарбай Тілеулиев шекара әскерінде қызмет етуге баратын жастарға Отан алдындағы борышын адал атқаруларына тілек білдірсе, ата-аналар атынан сөз алған Шоқан Сейсебаевтың анасы Бақытгүл Рамазанова ел тыныштығын қалтқысыз қорғап, аман-есен отбасына оралуларын аманат етті. Ал әскерге аттанушылардың ортақ ойын жеткізген Айбар Болатханов ата-бабалары мен әкелеріне лайықты жауынгер болып, борыштарын адал атқаратындарына сенім білдірді.
Азаматтық борышын атқару үшін жауынгерлік сап түзеген жастарға арналып шағын концерттік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты жиын аяқтала бере саппен жүру өнерін енді меңгере бастаған жігіттер үрмелі аспаптар оркестрінің әуен ырғағымен аяқтарын нық басып, өздерін күтіп тұрған автокөлікке отырып, аттанып кетті. Тәуелсіз елінің тыныштығын қорғайтын осындай ұрпақ барында ел шетіне жау келмейді деген сенім жұртшылықтың жүрегінде қалды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы.





