Мемлекеттік қызметкер болудың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тіпті, сөйлеген әрбір сөзіңіз, жүріс-тұрысыңыз, соңында үстіңізге ілген киіміңіз де мінсіз болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Алматы облысы бойынша департаментінің «Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру – бұл мемлекеттің тұрақты дамуының негізі» атты кездесуде мемлекеттік қызмет жөнінде әңгіме өрбіді. Мұндай кездесу Сарқан ауданынан басталған. Енді облыс орталығына Талдықорған, Текелі қалалары мен Ескелді және Көксу аудандарының мемлекеттік қызметкерлерімен бірге өткізілді.
Жалпы, Елбасының Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» яғни, І бағытының жүзеге асырылуы аясында үстіміздегі жылдың қаңтар айында жаңадан бекітілген заңдарды, қызметтік әдеп ережелерін және мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық жолын Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, алғашқы он бес қадам бойынша әрбір аудан, ауылдық округ деңгейінде түсіндіру жұмыстары қолға алынды. «Мұнда көрсетілген әрбір талаптар мен тапсырмаларды орындау, оларды жүзеге асырып, нәтиже шығаруды Мемлекет басшысы тікелей бізге, яғни мемлекеттік қызметкерлерге тапсырды. Сондықтан бекітілген тапсырманы жоғары деңгейде орындап шығу әрбір адамның азаматтық парызы. Ал, мемлекеттік қызметке келген маман өз ісін ең төменгі деңгейден бастайды. Атқарған ісіне қарап өсу деңгейі анықталатын болады», – деп ойын қорытындылады Серікбай Нұрғисаев. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметке жұмысшы енді тек төменгі лауазымнан бастап қабылданады. Ал жас мамандардың сынақтан өту мерзімі үш айдан алты айға дейін ұзартылып, қасына тәлімгер бекіту заңдастырылды. Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап қызметкердің еңбекақысы балдық көрсеткіш бойынша төленіп, қызметкердің еңбекқорлығы мен жауапкершілігіне баса назар аударылатын болады. Яғни, әркімді еңбегіне қарай бағалайтын, әділеттілікке бағытталған меритократиялық қоғамды жасау көзделеді. Жаңа заңның басты мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің арасынан білікті де іскер, басқару қабілеті жоғары, білімді маманды таңдап, кәсіби мемлекеттік аппарат құру.
Кейінгі жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стратегиясы жоғары деңгейде жүзеге асып келгенімен, нәтиже көз қуантарлық емес. Менмұндалап тұрған жегіқұрттармен күресу де оңайға тимей отыр. Сондықтан аталған дертке бірлесе қарсы тұруымыз қажет. Сала мамандары аталған тақырыпты таса қалдырмады. Олар дерек пен дәйекті ұштастыра отырып, көпшілік алдында баяндама жасады. Біраз дүние ортаға салынды. Дегенмен, айтылған сөз сол орында қалып қоймаса игі еді.
Еңлік САҒЫНДЫҚОВА