Былтыр Қазақстан Республикасы ҰҚК шекара қызметі Жетісу облыстық департаменті мен колледжіміз арасында өзара келісім орнап, Ашық есік күні аясында «Кинология» мамандығына мектеп оқушыларының қызығушылықтарын оятуға бағытталған кәсіби бағдар жұмыстары жүргізілді. «ЭЛИТА ДОСААФ» ҚБ мен колледж арасындағы меморандум аясында 2023-2024 оқу жылында 13 студент мақсатты даярлау негізінде «Кинолог» біліктілігін алып шықты. Осы оқу жылында тағы 12 студент білім алуда. Сол секілді, «Ветеринария» мамандығы бойынша 2024-2025 оқу жылының І жарты жылдығында өндірістік практика өтуге 13 топтан 297 студент жұмылдырылды. Биылғы оқу жылында «Ветеринария» мамандығы бойынша бітірген түлектердің 58-і «Жетісу облысының ветеринария басқармасы» ветеринариялық стансыларына жұмысқа орналасты.
Нан, макарон және кондитер өндірісі мамандығы бойынша «Десерт» ЖК, «Jeanne» – кондитерская Карамель секілді 24 кәсіпорынмен практика базалары ретінде келісімшарт жасалған. Ол кәсіпорындарда студенттер жұмысшы мамандықтарының дағдыларын қалыптастыру үшін өндірісте машықтанады.
Жыл сайын техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері арасында өтетін кәсіби шеберлік конкурстары білімгерлеріміз үзбей қатысады. Жыл сайын аймақтық WorldSkills чемпионаты «Кондитер ісі», «Наубайхана ісі» және «Ветеринария» құзіреттіліктері бойынша колледж базасында өткізіледі. Осы құзіреттіліктер бойынша студенттеріміз жүлделі орындарға ие болып келеді. «WorldSkills Kazakhstan 2023» VІІІ Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «Кондитер ісі» құзіреттілігі бойынша Жансая Нұрсұлтан алтын медаль иегері атанды. Сол секілді, «Кондитер ісі», «Ветеринария» құзіреттіліктері бойынша жыл сайын шәкірттеріміз биік белесті бағындырып келеді. Бұдан бөлек, «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне «Орман шаруашылығы» мамандығы студенттерімен экспедиция (флора, фауна және топырақ жамылғысын зерттеу) ұйымдастыру жоспарлануда.
Колледждің оқу бағдарламаларын, материалдық-техникалық базасын және мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында оқушылар мен ата-аналарға Ашық есік күні тұрақты өткізіледі. Бұл шара аясында оқу шеберханалары мен зертханалары көрсетіліп, жұмысшы мамандықтардың тартымдылығы мен әлеуеті туралы ақпарат беріледі. Талдықорған қала мектептері бітіруші сынып оқушыларына арналған «Білім мен болашақ: жаңа мүмкіндіктер әлемі» тақырыбындағы Ашық есік күні өтті. Осы орайда, жастарды мамандық таңдап, біздің колледжде білім алуға және еліміздің жарқын болашағын бірге құруға шақырамыз.
М. ЕРЖІГІТОВА





