Қазақстанда мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарына мемлекеттік сатып алуларға қатысуға заң жүзінде тыйым салуды көздейтін петиция жарияланды, — деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мәслихаттар жергілікті бюджетті бекітіп, оның орындалуын бақылауға құқылы. Алайда, мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған шектеулер мәслихат депутаттарына қолданылмай отыр, бұл қоғамда алаңдаушылық туғызуда.
Петиция авторларының пікірінше, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік сатып алуларға депутаттардың немесе олардың жақындарының қатысуы – сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттырады және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін төмендетеді.
«Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарының мемлекеттік сатып алуларға қатысуы кезінде туындайтын мүдделер қақтығысы қаупіне алаңдаулымыз. Бұл – жемқорлыққа жол ашып, ашықтық пен әділдік принциптеріне қайшы келеді», – делінген петиция мәтінінде.
Петицияда ұсынылған негізгі талаптар:
-
Мәслихат депутаттары мен олардың жақын туыстарына мемлекеттік сатып алуларға заңмен тыйым салу;
-
«Жақын туыс» ұғымын нақты заңдық деңгейде айқындау;
-
Мүдделер қақтығысын міндетті түрде жария түрде декларациялау;
-
Аталған талаптардың орындалуын қадағалайтын арнайы бақылаушы орган құру.
Петиция авторлары бұл өзгерістер жергілікті өкілді органдар жұмысының ашықтығын арттырып, қоғамдағы сенімді күшейтеді деп санайды.





