9–10 шілде күндері Бішкек қаласында (Қырғызстан) жастар арасында грек-рим күресінен Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды 7-su.kz ақпарат агенттігі Olympic.kz порталына сілтеме жасап.
Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының балуандары жалпы төрт жүлдеге қол жеткізді. Оның екеуі — алтын медаль.
87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Темірлан Тұрдақын қарсыластарынан басым түсіп, Азия чемпионы атанды. Ал 82 келі салмақта күрескен Диас Сейітқалиев те барлық қарсыласын жеңіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Сондай-ақ 77 келіде сынға түскен Омар Дүйсенбек күміс жүлдені еншілесе, 55 келіде өнер көрсеткен Мұсан Ерасыл қола жүлдені жеңіп алды.
Қазақстандық балуандардың бұл нәтижесі — жастар арасындағы грек-рим күресі бойынша құрлықтық додада ел намысын абыроймен қорғағанының айқын көрінісі.





