Егістіктен мол өнім алу үшін күнге күйген сушының ерен еңбегін ерекше айтқанымыз жөн. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз «Нұртөле» шаруа қожалығының сушысы, НАҒЫЗ ЕҢБЕК АДАМЫ – Байғали ӘБИЕВ.
Көксу ауданы, Талапты ауылында 1968 жылы берекелі отбасында дүниеге келген арда азамат әкесі Қылышбектің ізін басып, анасы Ажардың етегіне жабыса жүріп, қара жұмысқа ерте араласты.
Байғали Қылышбекұлы Отан алдындағы борышын Ленинградта абыроймен атқарып елге келіп, еңбек жолын сушы болып бастаған. Аттай 35 жыл осы жұмыстың қыры мен сырын терең меңгерген ол бүгінде алақандай ауылдың белді әрі тәжірибелі сушысы. Қазақы тілмен айтқанда нағыз мұрап.
Еңбек адамы Гаухар Әбиевамен шаңырақ көтеріп, бүгінде ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеген ардақты әке, жанашыр ата. Шаруасы шалқыған шаруашылықта еңбек етіп жүрген сушы өзі саптап алған, көне ұсталардың қолынан шыққан кетпенімен шаруашылықтың мол өнім алуына зор үлес қосуда.
Байғали Қылышбекұлындай нағыз еңбек адамдары сөзге қарағанда іске жақын. Таңмен таласып егінжайға су салуға кетіп, кештің батысында үйге оралады. Бізбен тілдескенде: «Сушы болу үшін, біріншіден, жұмыстың ретін білген жөн. Екіншіден, төзім керек. Білген адамға оңай, білмеген адамға өте ауыр жұмыс. Егістік жерде қант қызылшасы баппен су ішсе, жайқалып шыға келеді. Күн ыстықта суғаруға болмайды. Жайқалып тұрған жерді күнделікті қарап, бақылау керек. Биыл ауа райы егінге сәл қолайсыз болды. Десе де әзірге ауылды жерде судың келуі бірқалыпты. Қазақта «Балапанды күзде санайды» деген. Қазір барлығы ойдағыдай жүріп жатыр. Ұйымдастыру жұмыстары да, еңбеккерлердің ауызбіршілігі де жақсы. Адал еңбекпен несібемізді тауып, отбасымызды асырап келе жатырмыз. Бастығымыз Абай Төлебаевқа рахмет, шөбімізді, көмірімізді түсіріп береді. Енді егіннен жақсы өнім алып, қамбамызды толтырсақ болғаны. Ең бастысы – елде тыныштық салтанат құрса екен» деп қысқа қайырды. Қара бастың қамын емес, халықтың тоқшылығын, тыныштығын ойлаған, АДАЛ ЕҢБЕгімен АДАЛ ТАБЫС тапқан еңбек адамының мерейлі шағы да осы болса керек. Ендеше, біз осындай қарапайым ЕҢБЕК АДАМДАРЫН мақтан тұтып, көпке үлгі етеміз.
«Жетісу-Ақпарат»





