Қазақстанда жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсету шаралары басталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап 7-su.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Министрлік дерегінше, биыл 500 мыңнан астам бала Жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен көмек алады. Бұл көмек жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға бағытталған.
Әрбір бала үшін ата-ананың немесе қамқоршының есепшотына 46 228 теңге көлемінде қаражат аударылады. Бұл сома мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарларын сатып алуға жұмсалады.
Оқу-ағарту министрлігі бұл бастама баланың білім алуына қажет жағдай жасауға бағытталғанын және барлық өңірлерде жүйелі түрде іске асырылатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, былтыр да 500 мыңнан астам балаға 22,2 млрд теңге бөлініп, әрқайсысына 45 мың теңгеден берілген болатын.





