Бұл мәселе «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының Көксу ауданында Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек, сондай-ақ «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Жұмабек Ермұханбетпен кездесуі барысында көтерілді. Төмен мөлшерлі әрі ұзақ өтеу мерзімі бар несиелер есебінен ауыл кәсіпкерлігін қолдауға арналған бағдарлама бірқатар табысты істерді айқындай отырып, 2023 жылы оң нәтиже көрсетті.
Алайда өткен жылы мақұлдау алған 342 кәсіпкер қаржыландыру қаражатын әлі алмаған. Бұл кәсіпкерлер ортасында наразылық тудырды. Республикалық және облыстық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдарға бірнеше рет жүгінгеніне қарамастан жағдай шешілмеген күйінде қалып отыр.
– Біз құжаттарды жинаудан, өтініштерді қабылдаудан бастап кепіл мүлік мониторингі мен бизнесті іске асыру орындарына дейін үлкен жұмыс атқардық. Бұл мәселе мемлекеттік органдардың қатысуымен облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы салалық кеңес отырыстарында жиі көтеріліп, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Премьер-Министрдің кеңсесіне хаттар жолданды. Бірақ, әзірге нәтиже жоқ, – дейді шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Бекмұрат Мұсахан.
Кәсіпкерлер бағдарламаның барлық шартын орындаса да қиын жағдайға тап болатынын сөз етті. Атап айтқанда, бизнес тоқтатылды, қажетті жабдықты сатып алу мүмкін емес, ал бағаның өсуі жағдайды ушықтырады.
– Біз ұзақ күтеміз, бірақ, уәде етілген ақшаға қол жеткізе алмаймыз. Қаражатсыз даму мүмкін емес. Бизнес тұралап тұр, ал шығындар болса өсіп жатыр, – дейді ауыл кәсіпкерлері.
Қажеттi қаражаттың болмауы өндiрiстi кеңейтіп, жабдықтарды жаңалау мүмкiндiгін шектейдi. Бұл тауар мен қызмет сапасына, бағасына әсер етедi. Осылайша «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша төлемдерді кешіктіру кәсіпорындардың қызметіне әсер етіп қана қоймай, баға саясатына да кері салдарын тигізеді.
Проблемалық мәселелерді айта келе қатысушылар заң шығарушы билік өкілінен, үстем партия мүшесінен мәселені орталық органдар деңгейінде қарауды сұрады. Бұл ретте қаржыландыруды тоқтату мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне күмәнді күшейтіп, бизнес-қоғамдастық тарапынан оларға сенімсіздік қалыптастыратыны аталып өтті.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





