Қазақстанда «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасы, аяқ киім және оқу құралдарын сатып алу үшін шамамен 20 млрд теңге аударылды. Бұл көмек 430 мыңнан астам баланы қамтып отыр, яғни алушылардың 87%-ы қажетті қолдауға ие болды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрліктің дерегінше, 2025 жылы көмек көлемі 500 мыңнан астам оқушыға жетпек. Оның ішінде жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары бар.
Астана мен Шымкент қалаларында қаражат толық көлемде аударылып, отбасылардың 100%-ы көмек алды.
«Төлемді алу үшін ата-аналар өтініш беруі жеткілікті. Ал қолдау алғандар сатып алынған тауарларды растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
2025 жылы қорды қаржыландыру көлемі 23,1 млрд теңгені құрайды. Төлем мөлшері өңірлерде мәслихат шешімімен бекітіледі және бір балаға кемінде 46 228 теңгеден төмен болмайды.
Айта кетейік, 2023 жылдан бері көмек көлемі 2,5 есеге артып, 17 мың теңгеден 46 мың теңгеге дейін өсті.





