Жауаптылардың сөзінше, ескерткіштер – ел мұрасы, ерліктің айғағы. Жетісу облысының орталығында есімдері елге танымал 15 тарихи тұлғаның ескерткіші бар. Соның бірі – 2006 жылы орнатылған, ел бірлігін бекемдеп, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте халқының азаттығы жолында ерен еңбек сіңірген Ескелді, Балпық би, Қабылиса жырауларға арналған «Үш Ата» ескерткіші. Ал, екіншісі 2010 жылы бой көтерген әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі небір ірі шайқастардың бәріне қатысып, қазақтың «Дарабоз», «Хан батыры» атанған даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың еңселі ескерткіші. Оларды көздің қарашығындай қорғап, ұқыптап ұстау басты парыз. Осыған байланысты қазір Талдықорған қаласы әкімінің тапсырмасымен осы екі ескерткіштің де аумағы абаттандырылуда. Тарихи-мәдени мұраларды сақтап, шаһардың кескін-келбетін жақсарту мақсатында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары қазір қарқынды.
– Қолға алынған жұмыстар аясында аталған ескерткіштердің айналасы тегіс ретке келтіріліп, жарық жүйелерінің барлығы жаңартылмақ. Сонымен бірге ескерткіш маңындағы гранит тастар толықтай ауыстырылып, демалыс орындарының аумағын көгалдандыру да жоспарланған,– дейді сала мамандары.
Құзырлы мекеме қызметкерлерінің айтуынша, қазір Талдықорған қаласы бойынша жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмысының ауқымы кең. Атап айтқанда әр жыл сайын қала көшелері, тұрғын үйлер жөнделіп, жолдар салынуда. Сондай-ақ, аулалар абаттандырылып, кәріз, су, жарық жүйелері талапқа сай жаңартылуда. Қала тазалығы да басты күн тәртібіне қойылып, ағаштар реттеліп, жол жиектеріндегі қоршаулар сырланып, арық және айнала күл-қоқыстан тазартылады. Сонымен қатар қала аумағына әр жылы 10 мың түптен астам ағаш көшеті, 100 мың данаға жуық гүл шоқтары егіледі.
Айдын КӘЛІМХАН





