Өңірдегі үздік дәрігерлердің қабылдауына еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін келді. Сарыөзектегі аудандық аурухананың есігіне кезекке тұрған тұрғындар берілген мүмкіндікті жіберіп алмауға қамданған. Бар мақсаттары – жанға дауа, дертке шипа табу.
Лор, уролог, проктолог, акушер-гинеколог, балалар хирургы, невропатолог, нейрохирург, педиатр, травматолог және онколог сынды медицина қызметкерлерінен нұсқаулығын алған аудан халқы кәсіби қызметтеріне алғысын айтып, риза болды. Олар бір күнде 178 ем алушыны, оның ішінде 28 баланы қарады. 17 адамды МРТ-ға жіберіп, тағы 25-іне стационарлық емдеу үшін облыстық ауруханаға жолдама берді.
Емделушілер облыс орталығына сабылмай жақын жерге дәрігерлердің келгеніне риза екенін танытты. Әсіресе шалғай ауылдарда тұратындар үшін жақын маңға жету оңай болған.
Басши ауылының тұрғыны Розагүл Дербісова бірнеше жылдан бері онкологиялық аурумен күресіп келеді:
– Мен 2021 жылдан бері ауырып жүрмін, қалқанша безіне ота жасаттым. Әр үш ай сайын тексеруге келемін. Бүгін учаскелік дәрігердің жолдамасымен келіп отырмын. Облыстан келген дәрігерлердің жылы шырай танытып қабылдағанына өте ризамын. Нағыз өз істерінің шеберлері десе болады. Барлығын мұқият қарауда. Олардың көздерінен әр науқас үшін шын жүректен алаңдайтынын көруге болады. Бұл науқастарға күш пен сенімділік береді.
Сарыөзек тұрғыны, 5 баланың анасы Қызғалдақ Райжанова екі жасар ұлын толық тексертуден өткізіпті. Ол мұндай акциялардың көпбалалы отбасылар үшін тиімді екенін айтады.
– Менің балам ауыр пневмониямен ауырды, бірақ біздің жергілікті дәрігерлердің арқасында толық қалпына келді. Бүгін біз бәрі жақсы екеніне көз жеткізу үшін тағы бір рет келдік. Облыс басшылығына қарапайым адамдарға көңіл бөлгені үшін рахмет, – дейді ол.
Дәрігерлер бұл күні жүктеменің өте үлкен болғанын, ешкімнің шағымданбағанын мәлімдеді. №2 қалалық емхананың педиатры Орынбасар Төлеубаева:
– Бүгін ата-аналар әртүрлі сұрақтармен келді. Қарапайым суық тиюден бастап ауыр шағымдарға дейін жауап бердік. Біз бәрін қабылдауға тырысамыз, өйткені баланың денсаулығы әрқашан бірінші орында. Бала біздің болашағымыз және біз оларға қамқорлық жасауымыз керек.
Облыстық көпсалалы клиниканың онколог дәрігері, медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі директордың орынбасары Бауыржан Бертаев бұл күнді былай қорытындылады:
– Біз 178 адамды, оның ішінде 28 баланы тексердік. Бірнеше пациент қосымша тексеруден өтуі керек, бір науқасты ауруханаға жібердік. Біз үшін адамдардың білікті медицина қызметкерлерінен дұрыс ұсыныс алғаны маңызды. Бұл алдын-алу және ерте диагноз қою жолындағы маңызды қадам.
Кербұлақ ауданының тұрғындары мұндай акциялар дәстүрлі түрде жалғасады деп үміттенеді. Сала мамандарына риясыз алғыс айтады.
Медет ЖҰМАБАЙ





