Аймақта мектептер мен колледждер жанындағы жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол белгілері жаңартылуда. Бүгінгі таңда 800 жол белгісі мен ақпараттық тақтайшалар ауыстырылды. Бұл жұмыстар жалғасуда.
Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде 1600 бала оқиды. Жол арқылы қауіпсіз жүру үшін жаяу жүргіншілер өткелі жаңартылып, жүргізушілерге ескерту белгілері қайта қалпына келтірілді. Ал автокөлік иелері жылдамдықтан аспауы үшін оқу орындары жанындағы жолдардың кемшіліктері ретке келтіріліп, арнайы жол ережесінің белгілері орнатылды.
– Жүргізушілер жолда өте мұқият болуы тиіс. Ата-аналар да балаларына жолда қалай дұрыс жүруді үйретіп, жол белгілерін түсіндіруі керек. Сонда ғана жол-көлік оқиғалары мен басқа да қауіпті жағдайлардың алдын алуға болады, – дейді қала тұрғыны Тұрсынай Жандаулетова.
Мердігер ұйым директоры Берік Бекбатыровтың айтуынша, қаладағы 22 мектеп жанындағы жаяу жүргіншілер өткелдері жаңартылып, 80-нен аса жол белгілері орнатылған. Қалғаны апта соңына дейін аяқталмақ. Осы жылдың жеті айында ғана аймақта балалардың қатысуымен 134 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп.
Облыстық полиция департаменті басқармасының бастығы Қайсар Мұхметов көлік құралдары санының жыл сайын артып, көптеген бала электр скутерлері және электромопедтермен жүретінін және олардың жол ережесін әрдайым сақтай бермейтінін сөз етті.
Айта кетейік, облыста 300 мектеп бар. Жаңа оқу жылында 13 мың бала 1-сынып табалдырығын аттап, партаға отырады. Білім басқармасы атап өткендей, әрбір оқу орнында жайлы және қауіпсіз жағдайлар жасалады.
– Барлық білім беру мекемесі жаңа оқу жылына дайын. 8 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір тағы 8 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың екеуі 1 қыркүйекке дейін, тағы үшеуі жыл соңына қарай, қалғаны келесі жылы тапсырылады,– дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов.
Оқу жылы басталысымен полицейлер мектептерде қызмет атқаратын болады. Тәртіп сақшылары оқушыларға жол жүру ережелерін түсіндіреді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





