Еліміздің басты заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі екені белгілі. Конституциямызда бекітілген қағидаларға сәйкес, жас ұрпақ та өздерінің азаматтық мәртебесін айқындап, елдік жауапкершілікке қадам басуда. Талдықорғанда Ата Заңның мерейлі 30 жылдығы аясында 16 жасқа толған жастарға жеке куәлік табысталды.
Бұл рәсім – жай ғана құжат беру емес, елдің сенімін, қоғам алдындағы міндетін сезіндіретін ерекше сәт. Жеке куәлік – жас жеткіншектің азаматтық өмірге ресми қадам басуының, елдің толыққанды мүшесі атануының куәсі. Бұл құжатты қолына алған жасөспірім өз Отанымен, Тәуелсіз Қазақстанымен тығыз байланысын ұғынып, болашақтағы жауапкершілігін сезінеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» халыққа қызмет көрсету орталығында 16 жасқа толған 15 жас азаматқа жеке куәліктері ресми түрде табысталады. Құжатын қолына алғандардың бірі Ерен Тұрсынақын:
– Мен бүгін құрдастарыммен бірге осындай айтулы күннің куәсі болдым. Жеке төлқұжатымды қолыма алдым. Мұндай сәт қайталана бермейтіні ақиқат. Сондықтан осындай іс-шара ұйымдастырып, сый-сияпат жасап, елеп-ескерген жандарға алғыс айтамын, – дейді.
Салтанатты жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков сөз сөйлеп, жастарға жақсылық тіледі. Жастарды елдің жүгін көтеретін азамат болуға үндеді.
Қазіргі жастар – ертеңгі елдің иесі. Оларға жеке куәлікті табыстау арқылы мемлекет жас ұрпаққа сенім артып қана қоймай, қоғам алдындағы жауапкершілікті де жүктейді. Әрбір азамат өз құқығын қорғап, міндетін орындау арқылы ел дамуына үлес қосатыны сөзсіз.
«Жетісу-Ақпарат»





