Аталған мектеп 1950 жылы ашылып, содан бері үздіксіз білім беріп келеді. Мектеп алғаш рет биыл күрделі жөндеуден өтіп, 500 оқушыны қыркүйектің алғашқы күні салтанатты түрде қабылдады. Қайрат Кереев бастаған «Нұр-Шапағат-Құрылыс» ЖШС жөндеу жұмыстарын сәуірде бастап, мерзімінен бұрын тапсырды. Жалпы күрделі жөндеу жұмысына 808 миллион теңге бөлінді. Бүгінде мектептің ішкі және сыртқы келбеті түбегейлі өзгерді. Инженерлік ин-фрақұрылымдар жаңартылып, жылу, жарық және су жүйелері қайта орнатылды. Сонымен қатар, оқу сыныптары қазіргі заманғы стандарттарға сай құралдармен жабдықталды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің ақпарынша, биыл өңірімізде жалпы оқушы орны 2300-ден асатын 3 білім нысаны алғаш рет күрделі жөндеуден өтті.
Жаңарған мектептің ашылуында Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арайлым Өмірбекова ұстаздарға, оқушыларға жаңа оқу жылының жемісті болуын тіледі. Артынша жас бүлдіршіндер өлең оқып, мектеп табалдырығын алғаш аттағандар салтанатты түрде қызыл кілемнің үстінен жүріп өтті.
– Мектебімізде 72 мұғалім жұмыс істейді. Білім ұясында 15 орыс және 17 қазақ сыныбы білім алады, – дейді мектеп директорының орынбасары Мәдина Кәрібаева. Ал мектептің 11-сынып оқушысы Балжан Еспебаева: «Мектебіміз өте әдемі болып шыққан. Мектептегі соңғы жылымда жаңарған ғимаратта оқитыныма қуаныштымын. Жөндеуден кейінгі мектепті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бәрі жаңа, әдемі. Биылғы түлектерге жоғары балл жинауға тілектеспін», – деді.
Қали АСҚАР





