Қазақстанда 2026 жылға арналған республикалық бюджет жобасында негізгі әлеуметтік көрсеткіштер анықталды. Құжат “Ашық НҚА” порталында жарияланып, 3 қыркүйекке дейін қоғам талқылауында болды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жоба қабылданған жағдайда, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мынадай мөлшерлер бекітіледі:
-
ең төменгі жалақы – 85 мың теңге (2025 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз);
-
ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге (+6 278 теңге);
-
ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі – 35 596 теңге (+3 236 теңге);
-
айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге (+393 теңге);
-
ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге (+4 623 теңге).
Сонымен қатар 2026 жылы жасына байланысты зейнетақылар мен еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы төлемдері 10%-ға өседі.
Айта кетейік, қазақстандықтардың зейнетақысы бірнеше құрамдас бөліктен тұрады: бюджеттен төленетін базалық зейнетақы, еңбек өтілі 1998 жылға дейінгі азаматтарға арналған ынтымақтық зейнетақы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін жинақтаушы бөлік.





