Қазақстанда сиыр етін шетелге сатуға уақытша шектеу қойылады, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы DKNews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл шешім Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында қабылданды.
Мақсат – ішкі нарықтағы бағаның өсуін тежеу және халықты ірі қара етімен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету. Квота ірі адал өндірушілерге қолданыстағы келісімшарттарды орындауға және сыртқы нарықтағы позицияларын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Тиісті бұйрықты Ауыл шаруашылығы министрлігі бекітетін болады.
Сонымен қатар жиында Қазақстаннан автокөлік және теміржол көлігі арқылы бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл шара ішкі нарықты үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған.
2026 жылдың қаңтарынан бастап жеңіл дистилляттарды, авиациялық керосинді, дизель отынын, газойльдарды, толуолды, ксилолды және мұнай битумын ЕАЭО кедендік аумағынан тысқары шығаруға тыйым салу да алты айға ұзартылмақ.






