Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысы тұрғындарының ауызсуға қолжетімділік проблемасын көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Айтуынша, таза ауызсудың тапшылығы мен су құбырлары желілерінің тозуы өңір халқының өмір сапасына елеулі әсер етіп отыр.
2023-2025 жылдары облыста жалпы соммасы 25,9 миллиард теңгені құрайтын 4 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы, 15 елді мекенде ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлаған. Осы жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 13,6 млрд теңге бөлу туралы ұсыным жіберілген, — деп атап өтті сенатор.
Алайда, республикалық және жергілікті бюджеттен республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаражаттың қосымша түсімі есебінен Ұлттық қор мен республикалық қазынадан бар болғаны 8 жобаға 2,5 миллиард теңге бөлінген.
2025 жылы Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандарының 7 елді мекенінде, Талдықорған және Текелі қалаларында сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу жұмыстары басталған. Бүгінгі күні жобалар ішінара жүзеге асырылуда және қосымша қаржыландырусыз жұмыстардың тоқтап қалу қаупі бар, — деді Ғалиасқар Сарыбаев.





