ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 11 шілде мен 12 тамыз аралығында 8 мың респонденттің қатысуымен сауалнама жүргізді. Зерттеу еліміздің барлық өңірлерін, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Нәтижесінде азаматтардың 75,9%-ы Қазақстанның дұрыс бағытта дамып келе жатқанын атап өтті. Ең жоғары әлеуметтік оптимизм жастар арасында байқалды: 18-29 жастағы респонденттердің 84,6%-ы елдің болашағына сенімді. 61 жастан асқандардың арасында да бұл көрсеткіш 70,6%-ға жетті. Ауыл тұрғындары (79,3%) қала тұрғындарына (73,8%) қарағанда ел дамуын жиірек оң бағалаған.
Респонденттердің айтуынша, оң өзгерістер ең алдымен әлеуметтік бастамалармен байланысты:
-
мектептердің салынуы мен жаңартылуы – 38,2%;
-
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – 29,5%;
-
БЖЗҚ-дан қаражаттың бір бөлігін шешіп алу мүмкіндігі – 20,1%.
Экономикалық реформалар бойынша автожолдар мен инфрақұрылым құрылысы (18,4%), ауыл шаруашылығын дамыту (13,6%) және шағын бизнесті қолдау (10,3%) аталды.
Сонымен қатар азаматтар заң және тәртіп саласындағы шараларды ерекше бағалады: тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес (32,6%), елді мекендерді тазалау мен абаттандыру (14,7%). Мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматта дамуы да (30,7%) оң өзгерістер қатарында.
Сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 82,4%-ы Президентке сенім білдіреді. Ал 89,9% ел азаматтығын мақтан тұтатынын айтқан («өте мақтанамын» – 49,1%, «мақтанамын» – 40,8%).
Респонденттердің пікірінше, Қазақстанның дамуындағы ең перспективалы бағыттар:
-
Агроөнеркәсіп – 38,9%;
-
Цифрландыру және жасанды интеллект – 30,6%;
-
Энергетика – 25,3%;
-
Көлік және транзит – 17,5%;
-
Адами капитал – 13,1%.
Жалпы алғанда, сауалнама нәтижелері халықтың реформалардың нақты нәтижесін сезініп отырғанын, мемлекеттік саясатқа сенімнің артып, болашаққа оптимизмнің күшейгенін көрсетті.





