Қазақстанда ресми түрде 329 мың азаматтың жалақысы ең төменгі жалақы мөлшерінен аз екені анықталды. Бұл туралы Мәжілістегі отырыс барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-SU.KZ ақпараттық порталы.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда бұл азаматтар айына 80 мың теңгеден төмен табыс табады.
– Мұндай жағдайдың негізгі себебі – жұмыс берушілердің қызметкерлерді қысқа мерзімге немесе сағаттық келісімшартпен жұмысқа тартуы, – деді ол.
Сонымен қатар, 708 мың қазақстандық ең төменгі жалақы көлемінде – 85 мың теңге алады.
Тексеру кезінде бірқатар ірі компаниялардың салықтан жалтару мақсатында қызметкерлерді заңсыз еңбекке тартатыны белгілі болды. Ал ауылдық жерлерде халықтың басым бөлігі ең төменгі жалақыға жұмыс істеп жүр.
Жақыпованың сөзінше, министрлік онлайн режимде жалақы төлемін бақылап отыр. Дегенмен биыл ел бойынша небәрі 18 азамат қана еңбек инспекциясына шағымданған.





