Аудан халқының ауыз толтырып айтар мақтанышы да осы – ақ маржан. Егіншілікті қолға алған шаруалардың ешқайсысы бұл істе ерінген емес. Дәнді дақылдың осы түрімен мұнда 3 ірі шаруашылық және бірнеше шағын шаруа қожалықтары шұғылданады. Аудан байлығы саналатын ақ күрішті ору науқаны қазір қалай жүріп жатыр? Осыны білу үшін өңірге арнайы барып қайттық. Күз айы болғандықтан ауылдықтар тіршілік тамырына қан жүгіртіп, қызу еңбек үстінде. Диқандар жаз бойы күтіп-баптап өсіргендерін төкпей-шашпай, уақытылы жинап алу қамына кіріскен. Алқаптағы техникалар да тыным таппай, дала төсін дүбірге бөлеп барады.
Сондай-ақ, өңірде күріш шаруашылығын дамытуға арнап құрылған сервистік-дайындау орталығы жұмыс істейді. Онда астық және күріш жинайтын комбайндарды қоса алғанда жалпы саны 10 арнайы техника қызмет көрсетеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін және тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманбек Қасымовтың сөзінше, биыл 951 гектар жерге күріш дақылы егілген. Күтілетін жалпы өнім 3127 тонна, орташа өнімділік 32,88 ц/га.
Оның ішінде «Опытное» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі – 350 гектар, «Уштобинский» ЖШС – 331 гектар, «Шығыс-Қаратал» ЖШС – 200 гектар, «Сырттан 9» ЖШС – 40 гектар, «Мадина» ШҚ – 30 гектар алқапқа Қызылорда облысынан сатып алынған күріштің «Янтарь» сортын сепкен. Күріш жинау жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Біз барған «Опытное» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің диқандары ақ маржанды ору ісін белсенді жүргізіп жатыр. Трактор, комбайндары да дала шаңын бұрқыратып, сақадай сай жұмыс атқаруда. Еңбеккерлер де бел жазбастан тер төгіп жүр.
Кооператив жетекшісі Ержан Қай-санов та алқап басынан табылып, жұмыс жайын әңгімелеп берді. Шаруашылық басшысының сөзінше, кооперативтің 1700 гектар егістік алқабы бар. Онда күріш, майбұршақ, жүгері сияқты дәнді дақылдардың тұқымы егіліп, өсіріледі. Сондай-ақ, жоңышқа да егілген. Биыл ақ күріштің түсімі былтырғыға қарағанда көңіл көншітеді. Күріш – суды жақсы көретін дақыл. Сол себепті түбін құрғатпай, молынан суаруды қажет етеді. Жаз айларында бұл бойынша аса алаңдатарлықтай мәселе туындамаған. Оған су жолдары мен арналары тазаланып, тозығы жеткендерін жаңалап, судың еш кедергісіз жүруіне істелген жұмыстар дәлел.
Дайын өнімдері Жетісу өлкесінің түкпір-түкпіріне таралады. Басқа аймақтардан да тапсырыстар түседі. Шаруашылық жалпы 50-ге жуық адамды қысы, жазы тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың бәрі жергілікті тұрғындар. Ал қазір алқапта 20 шақты адам еңбек көрігін қыздыруда. Жұмысшылардың жалақылары да уақытылы беріледі. Ауыл шаруашылығы техникаларынан тапшылық көріп отырған жоқ. Байқағанымыздай, комбайн, тракторлары жаңа.
Бір сөзбен айтқанда, лизингтің арқасында ескірген техникалары шетінен жаңаланып, мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетіледі. Дала жұмыстарын жүргізуге қажет жанар-жағармай арзандатылған бағамен беріледі. Сондай-ақ, тұқым, тыңайтқыш, гербицидке субсидия қарастырылған. Шаруашылықтағы 350 гектар жерге егілген ақ күріштің бүгінде 70 гектары шабылып, жинап алынуда.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





