2025 жылдың тамызында елде тұрғын үй бағасы өсуін жалғастырды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жаңа салынған баспананың құны бір жылда 11,3%-ға, ал екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы 8,8%-ға қымбаттады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталған айда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 380 мәміле жасалған. Оның ішінде ең көп келісімшарт Астанада (9 457 мәміле, 22,9%), Алматыда (8 402, 20,3%) және Қарағанды облысында (2 923) тіркелді. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысына тиесілі – небәрі 283 мәміле.
Өңірлік белсенділік тұрғысынан Жетісу (+24,4%), Ұлытау (+14,6%) және Батыс Қазақстан (+10,2%) облыстарында өсім байқалды. Ал Қызылорда (–19%), Түркістан (–8,6%) және Жамбыл (–5,9%) облыстарында төмендеу тіркелген.
Мәмілелердің шамамен 80%-ы пәтерлерге тиесілі (32 853), оның ішінде ең сұранысқа ие – бір бөлмелі пәтерлер (12 734 мәміле). Жеке үйлер бойынша 8 527 келісімшарт жасалып, бұл көрсеткіш шілдемен салыстырғанда 0,7%-ға жоғары.
Статистикаға сәйкес, тұрғын үйді жалға алу құны да артқан. Бір жыл ішінде пәтер жалдау ақысы 8,5%-ға өскен.
Өңірлер бойынша баға өсімінің ең жоғары көрсеткіші Павлодарда байқалды: жаңа үйлердің бағасы 25,8%-ға қымбаттаған. Сонымен қатар Алматы мен Қызылордада өсім 15,3%-ды құрады. Екінші нарықта Ақтөбе (+20,2%) мен Павлодар (+17,8%) көш бастады.
Жалға алу ақысы ең көп көтерілген өңірлер қатарында Ақтөбе (+43,5%), Көкшетау (+21%) және Жезқазған (+20,2%) бар.





