Биыл Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының құрылғанына 50 жыл. Ел руханиятына өлшеусіз үлес қосып, жарты ғасыр бойы көрерменін қуантып келе жатқан өнер ошағының мерейтойына орай «BIKEN FEST» ІІІ халықаралық фестивалі өтеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде өрнек тапқан баспасөз мәслихатында театр фестивалі туралы кеңінен ақпарат берілді.
Жиында алғашқы болып сөз алған Бикен Римова атындағы драма театрының директоры Ерлік Жуасбек ел руханияты үшін елеулі оқиға саналар театрдың жарты ғасырлық тойы 12 қыркүйекте бастау алатынын, бұл күні 50 жылдыққа орай шығарылған кітаптың тұсауы кесіліп, театрлар шеруі әрі салтанатты шара өтетінін жеткізді.
– Өнер айдынында Бикен Римова театрының туын биіктен түсірмей, жаңа заман талабына сай ізденістерін жалғастыруда. Осылайша, біздің театр елу жылда ұлттық өнердің алтын діңгегіне айналды. Театрдың шығармашылық жетістіктеріне келетін болсақ, осы уақыт ішінде сахнада 216-дан астам қойылым қойылып, театр республикадағы таңдаулы мәдени ошақтардың қатарынан берік орын алды, 20-дан астам премьера халықтың назарына ұсынылды. Қазіргі таңда театр репертуарында 26 спектакль бар. Олар тұрақты түрде көрермен назарына ұсынылып, жаңа буын актерлердің ізденісі мен тәжірибесін шыңдап келеді, – деп атап өтті Ерлік Тілеуқұлұлы.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Бикен Римова атындағы драма театрының көркемдік жетекшісі Сағындық Жұмаділ фестиваль жайлы кеңінен ой толғады. Айтуынша, 13-17 қыркүйек аралығында қазақ өнерінің көрнекті өкілі, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Ырымқызына арналған «BIKEN FEST» III халықаралық театр фестивалі орын алмақ. Оған шет мемлекеттерден: Грузияның Георгий Ратиани атындағы Сухуми жастар театры, Қырғызстанның Токтоболот Абдумомунов атындағы ұлттық академиялық драма театры, Өзбекстанның Бұхара мемлекеттік музыкалық драма театры, Әзірбайжанның «Мен» театры келсе, еліміздің атынан Абай облыстық драма театры, Астанадан Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, Ақмоладан Шахмет Құсайынов атындағы облыстық драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры, Шымкенттен Жұмат Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театры қатысады.
Фестивалде төрелік ететін қазылар алқасының құрамына Қазақстан мен шетелдің белгілі театртанушылары мен өнер қайраткерлері енді. Олардың қатарында ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, режиссер Досхан Жолжақсынов, театртанушы, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, Татарстан Республикасының мәдениет қайраткері Нияз Игламов, Шота Руставели атындағы Тбилиси мемлекеттік театр және кино университетінің профессоры Гиорги Цкитишвили, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының доценті Айбек Копадзе бар.
Бұл ауқымды шара Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.





