Есіктен кіре білім мекемесінің директорын сұрадық. Алайда «мектеп басшысы білім бөліміне кетті» деген жауап естідік. Хош, санитарлық жағдайды көру үшін асханаға қарай беттедік. Жаңа оқу жылы басталысымен іске қосылған асхана іші жайнап тұрған шығар деп ойладық. Алайда балалар ауқаттанатын жерде тазалық мүлдем сақталмаған болып шықты. Асхана ішінде быжынаған шыбын мен сөреде беті жабылмай тұрған тамақтарды көріп жаға ұстадық. Ең сорақысы 300-ден астам оқушы білім алатын қазақ мектебіндегі ас мәзірі тек орыс тілінде жазылыпты. Қазақ тілінде бірде-бір нұсқаулық жоқ. Ал бұл заң бұзушылық. Мәселе мұнымен шектелмеді. Асханада жұмыс істейтін 7 қызметкердің тек 3-еуінде ғана санитарлық кітап бар екен. Қалғандарынан құжат әлі рәсімделіп жатыр деген сылтау естідік. Бұл балалардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретін өрескел қателік емес пе?!
Бұдан бөлек, әжетханалардың да жағайы мәз емес. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әжетхана талапқа сай емес. Мәселен, брайль қаріпімен жазылған тақтайша сыртына емес ішіне ілінген. Балдақ пен таяққа арналған тіреуіш орнатылмаған. Тіпті, қол сүртуге арналған сүлгі де қойылмапты. Оған қоса, оқушыларға арналған әжетхана қабырғасында «Тазылық саКтайық» деген грамматикалық қатесі бар тақтайша ілінген. Өзге тілдің көлеңкесінде қалып қойған ана тілімізді көргенде жаның ауырады. Масқара емес пе?! Дана халқым бір істі қолға алар алдында «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген. Сондықтан, кемшілік көпшілік оқитын, алдын ала дайындалған жарнамадан кетуі әбестік.
Осыдан кейін шағын орталыққа бардық. Мұнда ас мәзіріндегі ыстық тағам басқа, балалар ауқаттанған ас бөлек болып шықты. Мәзір ата-аналардың көзіне түспейтін жерде тұр. Мектептің шығаберісіндегі пандустың қасында шақыру батырмасы бар, бірақ істемейді екен. Батырманың бар екені жазылған белгі қақ ортасынан сынып, тек жартысы ғана ілініп тұр.
Рейдтік шара қаламыздағы №25 балабақшада да жүргізілді. Балабақша ғимаратының іші-сырты тозып кетіпті. Сыртқы қабырғаларының кейбір жерлері құлап жатыр. Балалар ойнайтын алаңқайлар да ескірген. Кесілген ағаш бұталары ауланың сәнін кетіріп тұр. Аталған мекемеде де ас мәзірінде кемшіктер анықталды. Мәзір ресми бекітілмеген. Қағазда «кеспе көже» деп тұрса, балғындарға «борщ» берілген. Балабақша ішіндегі ерекше күтімді қажет ететін адамдарға арналған әжетхана істен шығыпты. Сондықтан есіктің тұтқасы алынып, құлыпталған.
Тексеріс барысында мектеп директоры мен балабақша меңгерушісіне ескерту жасалып, барлық олқылықты шұғыл жою тапсырылды.
Гауһар МҰСА
Қаратал ауданы





