Лудоманияға тәуелділік – қоғамның ең өткір әлеуметтік мәселесі. Өкінішке қарай оңай жолмен ақша тауып, құмар ойынға құныққан жастарымыз көбеюде. Ең қауіптісі – бәс тігіп, уақытын текке өткізген жандардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер де бар. Мемлекеттік қызмет – халықтың сенімі мен ұлт беделінің өлшемі болғандықтан лудомания сияқты дерттің әсері мұнда бірнеше есе қауіпті.
Құмар ойындарға тәуелділіктің ең басты салдары – адамның қаржылық тұрақтылығын жоғалтуы қарызға белшеден батуы, отбасылық жағдайдың шиеленісуі, психологиялық күйзеліске жиі ұшырауы. Ал мемлекеттік қызметкер үшін бұл тек жеке өмірдегі мәселе емес, қызметтегі адалдық пен қоғам алдындағы жауапкершілігіне де әсер етеді. Қаржылық қысымға түскен шенеунік пара алуға, мүдделер қақтығысына баруға немесе құпия ақпаратты заңсыз пайдалануға бейім болуы бек мүмкін. Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға байланысты реттеу күшейіп келеді. 2024-2026 жылдарға арналған арнайы жоспар қабылданып, онлайн-казиноға шектеу қойылып, заңсыз ойын бизнесіне қарсы шаралар қолға алынуда. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі лудоманияны психикалық бұзылыс ретінде мойындап, оны диагностикалау және емдеу үшін медициналық протокол бекітті. Алайда құмар ойынға тәуелді адамдар өз дертін мойындап, емделуге барып жүрген жоқ. Ресми тіркеуде оннан да аз жағдай анықталғанымен ойынға тәуелділігін айтпай көлеңкеде қалып отырғандар жетіп артылады.
Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы тәуекелдерге келсек, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы этика нормаларын, мүдделер қақтығысын болдырмау тәртібін және қызметкердің адалдығын қамтамасыз ету қағидаларын бекіткен. Заңдық тетіктердің қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындалуы аса маңызды. Себебі, кез келген тәуелділік бақылаусыз қалса, сыбайлас жемқорлықтың да бір көзіне айналуы ғажап емес. Бұл тұрғыда алдын алу, ішкі бақылау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік қызметкерлерге арналған психологиялық қолдау және арнайы тренингтер өткізу қажет.
Лудомания – жай ғана ойынға әуестік емес, ол адамның ерік-жігерін әлсірететін, отбасы мен мансабын құртатын, қоғамға да зиян әкелетін тәуелділік. Мемлекеттік қызметтегі адам үшін бұл тәуекел еселеніп, халық сенімін жоғалтуға алып келеді. Сондықтан мемлекет тарапынан қабылданып жатқан заңнамалық шаралармен қатар қоғам ішінде де құмар ойынның зиянын түсіндіру, тәуелділікке шалдыққандарды ерте анықтап, дер кезінде көмек көрсету аса маңызды. Лудоманиямен күрес тек дәрігерлер мен заң шығарушылардың міндеті ғана емес. Бұл – қоғам болып қолға алатын ортақ іс.
Әділхан ҚЫСТАУБАЕВ,
Әдеп жөніндегі уәкіл
Алакөл ауданы





