Қарбаласы көп шақта әр өңір қысқа қапысыз қамдануды қолға алады. Ауылдағы ағайынның қысқа дайындық жұмысы «қара алтынды» тиеген жүк көлігін қарсы алудан басталады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыс тұрғындары биылғы жылыту маусымында көмірден тапшылық көрмейді. Себебі, жоспар бойынша 397 мың тонна көмір ел игілігіне берілмек. Оның 161,5 мың тоннасы Қаражыра, 235,5 мың тоннасы Шұбаркөл кен орнынан жеткізіледі.
Қазіргі таңда облыс тұрғындары көмір сатып алуды бастап кетті. Аудан және қала әкімдіктерінің берген мәліметіне сәйкес, бүгінде 152 мың тоннадан аса қатты отын сатып алынған. Бұл өңір тұрғындары тұтынатын қажетті көлемнің 38 пайызын құрайды. Оның 129 700 тоннасы халыққа сатылып, тағы 22 мың 400 тоннасы қоймаларда сақтаулы. Облыста барлығы 43 көмір терминалы жұмыс істейді. Оның 35-і тұйық желі және 8-і қойма.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп тасымалдау жұмысы күнделікті бақылауда. Орта есеппен облысқа тәулігіне 24 вагон жеткізіледі. Бұл шамамен 1656 тонна. Оның ішінде 15 вагоны Шұбаркөл, 9 вагоны Қаражыра кен орнынан келеді. Теміржол қатынасы жоқ шалғай аудандар үшін автомобильмен жеткізу мүмкіндігі де ұйымдастырылған.
Талдықорған қаласы ТКШ бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қала тұрғындарын көмірмен қамту 65 600 тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 12 көмір тұйығында Қаражыра көмірі 20500 теңге болса, Шұбаркөл 22500 теңгеден сатылуда.
Биыл 1 мамырдан бастап халыққа 18 мың 956 тонна көмір сатылып, қала халқының 29 пайыз қажеттілігі орындалған. Ал қала бойынша 4900 тонна қатты отын қоры бар.
Талдықорған қаласы Д. Рақышев және Желтоқсан көшелерінде орналасқан үш көмір терминалына арнайы ат басын бұрдық. Бірақ олардың ешқайсысында көмір болған жоқ. Ондағы жұмысшылар тауар 1-2 күнде келетінін айтты. Семейден келетін 5 көлік Рақышев көшесіндегі мекенжайға, ал 4 көлік Желтоқсан №238 мекенжайына жеткізіледі деп күтілуде.
– Қыс мезгілі жақындап келеді. Көмірді пайдаланатындар келіп, кезек бойынша алып жатыр. Дегенмен де бұрынғыдай кезек күткен халық та, көлік те жоқ. Өйткені көп тұрғын заман талабына сай көгілдір отынды тұтынады, – дейді жұмысшылар.
Бұл сөзді Талдықорған қаласының тұрғыны Айдын есімді азамат та растап отыр. «Әкеміз Көксу ауданына қарасты Алғабас ауылында тұрады. Былтыр ауылға газ тартылғанда алдымен әкемнің үйіне қостық. Сол сәттен бастап үлкендеріміз күн сайын ауыр шелек көтеру, көмір жинау, пеш жағу жұмыстарынан арылды. Үйім суып кетеді деп еш алаңдамайды. Былтыр жылы үйде, күл-қоқыс шығармай, тап-таза болып газетін оқып, қыстан алаңсыз шықты. Моншаға жағатын отыны да жеткілікті. Ауыл дегені болмаса қаладан бір кем емес. Көгілдір отын ауыл халқы үшін өте қолайлы болғаны бәрімізді қуантады», – дейді ол.
Көгілдір отынның рахатын көріп отырған ауылдың көрінісі. Әлі де газ тартылмаған ауылдар бар. Соның бірі – Алакөл ауданындағы Қабанбай ауылы. Аталған ауыл тұрғыны Наталья: «Бізде әлі газ жоқ. Сондықтан тамыз айының аяғында көмірдің тоннасын 30 мың теңгеден алдық. 5 тонна қыстан алаңсыз шығуымызға жетіп артылады. Көмірді алдын ала сатып алмауға тырысамыз. Себебі, көмірді сақтау оңай емес. Ірі-ірі көмір күн ыстықта үгіліп кетеді. Бұрын көлік тауып, келіссөз жүргізіп, кезекке тұрып, жақсы көмір алу үшін шыр-пыр болып жүретін едік. Қазір, бақытымызға орай, мұндай кедергілер орын алмайды. Себебі көмір алып жатқан жұрттың қарасы аз».
Тұрғындарды газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба республика, облыс бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бір сөзбен айтқанда, өркениеттің игілігі, табиғи газ көмір алу мәселесін жойды. Дегенмен, әлі күнге дейін көмір пайдаланатын тұрғындар арқаны кеңге салып жүрмей, ертерек қыстың қамына кірісуге асыққандары жөн. Себебі, көмір облыс аумағына бұрынғыдай күнде емес, аптасына бір рет қана келеді.
Еңлік Кенебай





