Хакім Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дегенді айтты. Жай айтпапты. Жұрт түзелсін, сөзге илансын депті. Тәмсілдің тәпсірін түсінгенге айтты екен деп «уралап», сөз етті екен деп «ұрандап» кету де жөн емес. Ой елегінен өткізіп, пікірлер мен пайымдарға құлақ түріп, маңайдағылардың үнін таразылау қажет. Мемлекет басшысы қоғамдық диалог және билік пен халық арасындағы диалог туралы жиі сөз етеді. Диалог – сөйлесу, талқылау, пікір алмасу. Демек, Қазақстандағы кез келген мәселе халық пен билік, қоғам арасындағы пікір алмасу, талқылау арқылы шешілуі тиіс, сол арқылы жер шарындағы тоғызыншы территория дамуы қажет.
«АМАNАТ» партиясы облыстық филиалы Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында көтерілген басым бағыттарды таразылаған жиын өткізді. Партия өкілдері мен қоғамдық пікір иелері жүктелген міндеттер турасында пікір алмасты.
Жиында облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева Парламентті реформалау турасында баяндады. Саяси трансформация аясында қоғамдық пікір ескерілетінін жеткізді. Өйткені ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы елдегі мемлекеттік маңызға ие үдерістер ел тұрғындарының пікірінсіз жүзеге аспайтынын айтты.
– Парламенттегі реформа асығыс жүзеге аспайды. Қоғамдық талқыға түсіп, жан-жақты таразыланады. Әлем елдеріндегі тәжірибелер ескеріліп, георгафиялық, танымдық жағынан Қазақстанға қажетті тұстары алынады. Мәселен, бір палаталы Парламенттік жүйені жүзеге асырған Жаңа Зеландия мен Швецияның тәжірибесі озық. Кей елде артықшылығынан кемшілігі басым. Қазақстанда халықтың үні мен құқығы бәрінен биік. Ал, саяси реформалар халықтың ой-пікірінсіз жүзеге аспайды, – деді Гүлнар Қожағұлқызы.
Мұнан кейін мінберге көтерілген облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы А.Темірбаев пен «Astanahub» филиалының Талдықорған қаласы бойынша директоры Т. Абылаев жасанды интеллект, оның мүмкіндіктері және мемлекеттік басқарудағы жасанды интелекті қолдану, цифрлық технологиялар турасын баяндады. Т. Абылаев жасанды интеллект әрбір адамның жетекшісі емес, көмекшісі болу керегін алға тартты. Баяндамашылардан кейін сөз алған «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары М. Алжанбай жаңа технологиялар мен ғылым жаңалықтарын қолданысқа енгізерде бейқамдық қылмау керегін алға тартты. Себебі, қазір жасанды интеллект ойлану арқылы шешілуі тиіс мәселелердің түйінін қалай тарқатуды таразылап береді. Тіпті, кейбір БАҚ бетінде шыққан мақалалар ғылыми жаңалық көмегімен жазылатынын да жасырмады. Адамды өзге тіршіліктен ерекшелейтін қасиеті – ой мен ойлану. Жас ұрпақты ойланудан ада етпеу үшін сақтық һәм шектеу шараларын қабылдау керегін жеткізді. Жиынға қатысушылар мұны құптады.
Кездесу соңында партия филиалының төрағасы Арыстанғали Арын сөз сөйлеп, қоғамдық пікір иелеріне алғысын жеткізді. Айтуынша, Жолдау жүктеген міндетті жалпы халық болып жүзеге асырғанда ғана Қазақстанның көсегесі көгереді, өркені жайылады.
Дастанбек САДЫҚ





