Қазіргі қоғамды интернетсіз елестету мүмкін емес. Өйткені «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» жаңа технологияның дамыған заманында кез келген дүниені ғаламтордан алуға болады. Қазір барлық сала интернет арқылы онлайн жұмыс істеп жүр. Сондықтан, еліміздің ауыл, қалаларында сапалы интернет болуы маңызды. Алайда Сарқан ауданында интернетке жарымай отырған ауыл көп. Солардың бірі – Қарабөгет ауылы.
Өңір тұрғындарының сапалы интернетті емін-еркін пайдалана алмауына не кедергі? Дамыған заманда дамбы төбесіне шығып интернет іздеп жүрген ауыл тұрғындарымен кездесу мақсатында Сарқан ауданына жол тарттық. Бара сала тұрғындардың арыз-шағымын естідік.
Әсел Сүйінбаева, ауыл тұрғыны:
– Ауылда интернет атымен жоқ. Кейбір тұрғындар «Wi-Fi» орнатқан. Оның өзі дұрыс істемейді. 5 баламның үшеуі мектеп жасында. Қызым 10-сынып оқиды. Алда Ұлттық бірыңғай тест келе жатыр. Тестке дайындалсыншы деп қызыма онлайн курс сатып алғанбыз. Өкінішке қарай, интернеттің жоқтығынан қызым сатып алып берген курсқа кіре алмай отыр. Жұрттың «Wi-Fi»-ына қосылып көріп едік, ол да қатып істемей қалды. Интернет тұрмақ «Актив», «Билайн» байланысы да мүлдем ұстамайды. Сабақ оқу үшін канал, дамбы жағалап кететін кездер де болады.
Ғаламторға қолы жетпей отырған тұрғындар ауыл әкімдігіне сан мәрте өтініш айтыпты. Бірақ жергілікті жұрттың жанайқайына ешкім құлақ түре қоймапты. Интернет тұрмақ, байланысы ұстамайтын ауылда тұрғындар қашанғы тау-тасты аралап телефонмен сөйлесу үшін белгілі бір нүктені іздеп жүрмек?!
Тұрғындарды интернетпен қоса ауыл Мәдениет үйінде балаларға арналған үйірмелердің және тіс дәрігерінің жоқтығы мазалайды. Олар балаларды үйірмеге қатыстыру үшін, тісің қақсаса 50 шақырымда орналасқан Сарқан қаласына қашанғы қатынаймыз деп ренжулі.
Халық көтерген мәселелер бойынша қандай шаруалар атқарылып жатқаны жайлы ауыл әкімі Алмас Дүйсенбеков былай дейді:
– Интернетті жекеменшік компаниялар қояды. Біз бұл жөнінде цифрлық технологиялар басқармасына талай хат жаздық. Олар 2024-27 жылғы өңірлерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жобасында бар екенімізді айтты. «Теле – 2» компаниясы салады екен. Біз оларға биік мұнара орнату үшін 3 сотық жер телімін бөліп бердік. Бірақ, интернет қосылмады. Себебін сұрап едік, мамандар: «Бізге әлі қаражат бөлінген жоқ, 2027 жылға дейін салып береміз» деп жауап берді. Ал «Билайн» компаниясы өздеріне ондай міндеттеме жүктелмегенін, ақылы орнатып беретінін айтты. Бұл 35-40 млн. теңгеге айналады екен. Сондықтан бізге күткеннен басқа амал жоқ.
Ауыл әкімі Қарабөгеттегі Мәдениет үйінде әзірге 4 маман ғана жұмыс істейтінін айтады. Алдағы уақытта білікті мамандар алып, домбыра үйірмесін ашамыз деп уәде берді. Сонымен қатар, ауылға жаңа тіс дәрігері келетінін айтып сүйіншіледі.
Тұралап тұрған мәселе – интернет. Бірақ, ол бір-екі жылдың көлемінде шешілетін дүние емес. Ендігіде ауылдағы ағайынның «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына үміт артқаннан басқа амалы жоқ.
Халық көп күткен интернет 2027 жылға дейін келеді деген үміттеміз. Интернет ұстамаса, оқушыларға үйірмелер ашылып, жағдай жасалмаса білім сапасы қалай артпақ, ауыл қалай өркендемек?!
Айта кетейік, Сарқан ауданына қарасты Аманбөктер, Екіаша ауылдарының тұрғындарына да сапалы интернет пен жылдам телефон байланысы керек. Аталмыш ауылдарға да интернет желісі тартылса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл біз барған ауыл жұртшылығының басты тілегі.
Айдар ҚАЛИЕВ,
Аманбөктер – Екіаша – Қарабөгет





